Әлихан Смайылов бюджет әкімшілеріне қатаң сұрау болатынын ескертті

0
505

Әлихан Смайылов өңдеуші өнеркәсіп жобалары бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызметті ынталандырудың аудитін жүргізу басталғанын айтты.


Әлихан Смайылов бюджет әкімшілеріне қатаң сұрау болатынын ескертті

ERNUR.KZ. Жоғары аудиторлық палатаның басшысы өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болатынын айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салғым келеді. Сол кезеңде мен Премьер-Министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білемін. Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды. Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді", - деді Ә.Смайылов.

Әлихан Смайылов өңдеуші өнеркәсіп жобалары бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызметті ынталандырудың аудитін жүргізу басталғанын айтты.

"Квазимемлекеттік сектор субъектілері жалпыхалықтық міндеттерді іске асыруға қатысып отыр. 2023 жылдың өзінде республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған. Бұл ретте квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланбаған қаражат жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсіп отыр. Басқа да көптеген маңызды міндеттерді шешуге бюджет қаражатының жетпей жатқанын ескерсек, бұл – өрескел жағдай. Квазимемлекеттік сектордың бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде Парламент алаңында жауап беретін уақыты келді. Бұрын жарғылық капиталды ұлғайтуға бөлінген, бірақ пайдаланылмаған қаражатты қайтару тетігі іске қосылуы тиіс. Қаражатты ақшаны бақылау шоттарында жинақтау тәжірибесін тоқтату қажет. Ресурстарды экономикаға және қазақстандықтардың игілігі үшін пайдалану керек", - деді Жоғары аудиторлық палатаның басшысы.