Әлихан Смайылов жаңа министрлерді ұжымдарына таныстырды

0
1 048


Әлихан Смайылов жаңа министрлерді ұжымдарына таныстырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәдениет және ақпарат, Сауда және интеграция, Көлік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Туризм және спорт министрліктерінің ұжымдарына жаңа басшыларды таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Премьер-Министр мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны таныстыра отырып, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында креативті индустрияны ауқымды дамыту бойынша бірқатар міндет қойғанын атап өтті.

"Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, креативті индустрияға қатысушыларды қолдау шаралары бойынша нақты ұсыныстар енгізіп, әр өңірде креативті индустрия орталықтарын құру жөнінде шаралар қабылдауы қажет", – деді Әлихан Смайылов.


Бұдан басқа министрліктің алдында мәдениет, дін және этносаралық қатынастар, жастар және отбасы саясаты, азаматтық қоғам, ақпарат, кинематография салаларын одан әрі дамыту, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра мен мемлекеттік рәміздерді қорғау, мұрағат ісін дамыту және т.б. міндеттер тұр.

Жаңа сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті таныстыру барысында Үкімет басшысы ведомствоның алдында ішкі сауданы дамыту, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортын ілгерілету, республиканың сауда-саттықтағы әріптестерімен интеграция салалары бойынша маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.

"Жалпы сауда инфрақұрылымын жетілдіру, биржадағы және электрондық сауданы дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекет басшысы Жолдауында бізге сауда саясатында жаңа әрі батыл тәсілдерді қолдану қажеттігін атап өтті", – деді Әлихан Смайылов.


Көлік министрлігінің ұжымына Марат Қарабаевты таныстыра отырып, Премьер-Министр республиканың көлік-логистика саласын одан әрі дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті.

"Осы себепті жаңа министрлік құрылып отыр. Тез арада қайта ұйымдастыруды жүргізіп, теміржол және автомобиль жолдары, әуе қатынасы, теңіз көлігі саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша қойылған міндеттерді орындау қажет. Бұл өте ауқымды жұмыс", – деді Үкімет басшысы.

Үкімет басшысының айтуынша, көлік секторы экономиканың дамуына зор үлес қосып, Қазақстанның Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлін арттырады.

"Жаңадан құрылған министрліктен көлік-транзит саласын дамытуда нақты серпіліс күтеміз. Соңғы кезде ұзақ уақыт бойы тиімді шешімін таппай келген мәселелер анықталып жатыр. Бұл жолаушылар тасымалы үшін көліктің және жүк вагондарының тапшылығы, логистиканы дамытудағы қиындықтар, жол құрылысының сапасы. Оларды шұғыл және сапалы шешу керек", – деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, автомобиль жолдарының құрылысына ерекше назар аудару керек. Бұл 2029 жылға қарай 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізуге, бақылауды күшейтуге және жаңа нормативтік құжаттарды қабылдауға қатысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұжымына жаңа басшы Светлана Жақыпованы таныстыра отырып, Үкімет басшысы ведомствоның алдында үлкен міндеттер тұрғанын, республика азаматтарының әл-ауқатының деңгейі оларды тиімді шешуге байланысты екенін атап өтті. Атап айтқанда, бұл жұмысқа орналастыруға, еңбек дауларын шешуге, зейнетақы, жәрдемақы тағайындауға және т.б. қатысты.

"Президент өз Жолдауында ең төменгі жалақыны көтеру, халықты жұмыспен қамту және еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне баса назар аударды. Сондықтан осы тапсырманы орындау үшін Еңбек министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеру жөнінде шаралар қабылдауы қажет", – деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ жұмыс орынындағы кәсіптік тәуекелдердің алдын алу және болдырмау үшін 2030 жылға дейін платформалық жұмыспен қамту саласын және қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын реттейтін Еңбекті дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын қабылдауды жеделдету қажеттігін айтты.

Ермек Маржықпаевты Туризм және спорт министрлігінің ұжымына таныстыру аясында Премьер-Министр Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді уақтылы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

"Туризмде кемінде 15 ірі серпінді жоба іске асырылуы тиіс. Оларды жүзеге асыруға шетелдік инвесторлар да, отандық бизнес де белсенді қатысуы қажет. Елдің имиджі негізінен туризм саласының даму деңгейінен, қызмет көрсету сапасынан қалыптасады. Сондықтан бұл салада серпіліс қажет", – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы спорт саласында қысқа және орта мерзімді перспективада Қазақстанның Жазғы Азия ойындарына лайықты түрде қатысуы, Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде өткізу, сондай-ақ барлық күш-жігерді жұмсап, 2024 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алу қажеттігін атап өтті.

"Әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысудан басқа, бұқаралық спортты дамыту міндеті тұр. Оны халық арасында танымал ету – салауатты ұлтты қалыптастырудың басты кілті. Спорт нысандары мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің инфрақұрылымына ерекше назар аудару керек. Олар әрбір қазақстандық үшін қолжетімді болуы керек", – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Жалпы, Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілген барлық міндеттер сапалы және уақтылы орындалуы тиіс, деп қосты ол сөзіне.

Премьер-Министр жаңадан тағайындалған барлық министрлер мен тиісті ведомстволардың ұжымдарына жемісті жұмыс тіледі.