Әлия Назарбаеваның фильмі: Министр Балаева Қазақфильмнен жымқырылған 400 миллион теңге туралы айтты

0
715

"Қазақфильмге" жаңадан келген басшы алдымен ішікі аудит жұмыстары мен зерттеулер жүргізген.


Әлия Назарбаеваның фильмі: Министр Балаева Қазақфильмнен жымқырылған 400 миллион теңге туралы айтты

ERNUR.KZ. Мәдениет және ақпарат министр Аида Балаева "Қазақфильмде" кино түсіруге бөлінген 400 миллион теңгені жымқыру ісіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, “Қасым Хан” кинотуындысына және басқа да бірнеше жобаға бөлінген қаржы ұрланған болуы мүмкін, деп жазады stan.kz.

Министрдің айтуынша, "Қазақфильмге" жаңадан келген басшы алдымен ішікі аудит жұмыстары мен зерттеулер жүргізген.

"Қазақфильм” өзі зерттеулер жүргізді. Қазақфильмнің жаңадан келіп жатқан басшысы Азамат Сатыбалды – өте белсенді жұмыс істеп жүрген азамат. Бұрынғы олқылықтардың барлығы қордаланбай, жаңадан жүйелі түрде жұмыс істеуі үшін зерттеу жұмыстарын жүргізген. Аудиттің қортындысы бойынша қаржылық жетіспеушіліктер болған. Сол прокуратураға берілді”, – деді Аида Балаева ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Балаева бюджеттің 400 миллион теңгесі бірнеше жобаға бөлінген қаржы екенін айтты.

“Қазір бірнеше жоба бар, мен білетін "Қасым Хан" деген кино. Одан да басқа болуы мүмкін. Оны бірінші құзыретті органдар анықтайды. Құзырлы органдар жан-жақты зерделеп, "шынымен де дұрыс емес, мынау қаржы дұрыс игерілмеген немесе жымқырылған" деген фактілер анықталғанда, арнайы ақпарат аласыздар”, – деді министр.

Министр бұл тек болжам екенін жеткізді. Ведомство басшысы көптеген мәселелерді дұрыс жолға қою үшін өзі де министрлікте кешенді аудит жасап жатқанын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласының прокуратурасы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" акционерлік қоғамында бюджеттен бөлінген 400 миллион теңгенің жымқырылғанын анықтағаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ "Қасым хан" тарихи сериалының түсірілімінде қолдану үшін пиротехника сатып алуға бөлінген 29,9 миллион теңге сомасындағы бюджет қаражатының ұрланғаны дәлелденген еді. "Қазақфильм" АҚ-қа келтірілген залал сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде толық көлемде өтелген.

"Ұлы Дала таңы" тарихи фильмін мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша "Қазақфильм" киностудиясы түсірген. Картинада Қазақ хандығын Жәнібек ханның ұлы Қасым хан басқарған кез суреттелген. Фильмде Берік Айтжанов, Асанәлі Әшімов, Нұрлан Әлімжанов, Тұңғышбай Жаманқұлов және Азамат Сатыбалды сынды актерлер ойнады. Kinopoisk.ru сайтында орналастырылған ақпарат бойынша фильмнің режиссері – Ақан Сатаев, ал продюсері – Әлия Назарбаева.