Жанжал шығарған ер адам өзін "ҰҚК лейтенанты" және "Алмалы ауданының бөлім бастығы", ал әкесі "ҰҚК генерал-лейтенанты" деп таныстырған.
ERNUR.KZ. Алматы қалалық Полиция департаменті жедел жәрдем ауруханасының қабылдау бөлімінде жанжал шығарған мас адам туралы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
27 қыркүйекте түнгі сағат 00:30-дар шамасында 1997 жылы туған азамат мас күйде қалалық жедел медициналық көмек ауруханасының аумағында қоғамдық тәртіпті бұзып, бөтеннің мүлкіне зиян келтірді.
«Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Күдікті ұсталды. Тергеу басталды», - деп хабарлады полициядан.
Ш. есімді азаматтың құқық қорғау органының қызметкері емес және құқық қорғау жүйесіне қатысы жоқ екендігі анықталды.
«Қазіргі уақытта ол еш жерде жұмыс істемейді, бұған дейін әртүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған»,- деп атап өтті қалалық полиция департаментінен.
Еске салайық, мас адамның әрекеті әлеуметтік желіде тараған болатын.