Алматы облысында 10 жастағы қызға көршісі екі жыл бойы азғындық жасаған

0
513

Шу шыққан күні күдікті қашып кетіп, полиция тауып әкелген.


Алматы облысында 10 жастағы қызға көршісі екі жыл бойы азғындық жасаған

ERNUR.KZ. Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылында 10 жастағы қыз туысқан-көршісінен азғындық көрген. Жәбірленушінің нағашы әжесі оқиғаны айтып берді, деп жазады sputnik.kz.

Екі жыл бойы жасалған азғындық туралы қыздың жақындары 16 қазанда ғана білген.
"Сол күні Ұзынағашта барып, цемент әкелмек болғанмын. Қызым сабаққа жиналып жатты. Бірақ уақыт әлі ерте еді. Көршім үнемі қайда барасың, қайда жиналып жатырсың деп сұрап жүреді. Сол мен кеткен арада жиеніме келіп тиіскен. Қыз оны анасына айтқан. Кешке бала сабақтан келген соң көршіме барсақ, есігін ашпайды. Телефоннан звондап едік, "кешірші" деп қайталай берді", - дейді жеткіншектің нағашы әжесі.
Қыз бесінші сыныпта оқиды. Айтуынша, мұндай әрекет 2 жыл бойы болған.
"Бұл көршім ғана емес, бір шеті туысым, нағашым болып келеді. Осы үйде қандай шара болсын, төрде отырады. Құран оқып, қойдың басын мүжіп жүрген жақыным. Қарындасым деп менің арқамнан қағып, аға боп жүрген адам ғой. Көшедегі балалардың бәріне мейірімді, бәріне кәмпит таратады. Мотоцикліне отырғызып ойнатады. Сондай туыс адамнан қалай күдіктенесіз. Есімізді әлі жия алар емеспіз. Өзім осындай ақпараттарды оқып жүріп, дәл бізде болады деген миыма кірмепті", - дейді жәбірленушінің нағашы әжесі Жанар.
60 жастағы күдікті жәбірленушінің отбасымен 40 жыл көрші. Ал әкімдік бұған дейін бұл адамның оғаш қылығы болмағанын айтады.
"Бізге ауданнан хабар келді, естіп төбемізден жай түскендей болды. Бұл адамның тұрақты жұмыс орны болмаған. Еш жерде тіркеуде тұрмайды. Есейіп кеткен ұл-қыздары, немересі бар адам", - дейді Қарақыстақ округінің әкімі Мәлік Қасымбаев.
Қазір жеткіншек анасымен бірге сараптамалар жасап жүр. Тергеу басталды. Шу шыққан күні күдікті қашып кетіп, полиция бір тәулік іздеп таңға жуық тауып әкелген.

"Қылмыстық Кодекстің 121 бабы 4-бөлігі кәмелеттік жасқа толмаған балаға сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық дерегі бойынша іс тіркелді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды", - дейді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қарақыстақ ауылының 4 мыңға жуық тұрғынынан маза кеткен. Әсіресе, күдіктінің көршілері берекеміз кетті дейді.