Алматы облысында малшысын көлікпен қаққан фермер екі айға қамауға алынды

0
623

Фермер 117 бас сиырын баққызған малшысына жалақысын жарытып төлемеген.


Алматы облысында малшысын көлікпен қаққан фермер екі айға қамауға алынды

ERNUR.KZ. Алматы облысында малшысын машинамен қаққан фермер екі айға қамауға алынды. Полиция департаментінің мәліметінше, 43 жастағы жігітті қамауға алуға сот санкция берген, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Нұргүл Тойлыбаева – сиыр баққан жігіттің әйелі. 44 жастағы қожалық иесі оларды 1,5 ай бұрын мал бағуға жалдаған. Ержан Қасенов есімді фермер малшыларына 120 мың теңге айлық және бір ешкі беріп тұруға уәде берген. Алайда 117 бас сиырын баққызған малшысына жалақысын жарытып төлемеген.

«Бізге ай сайын 120 мың теңге төлеп тұруға уәде бергенімен, бір жарым айдың ішінде тек 50 мың теңге ғана берді. Бізден басқа, 700 бас қойын бағатын өзге де жұмысшылары бар. Жұмысшыларын күнде боқтап, ұрып-соғады. Осы оқиға болатын күні қожайынымыз Ержан Қасенов көрші фазендадан мал әкелуге кеткен. Сол жақтан ішіп келіп, бізге тиісті. Әбден мазамызды алды. Қасында ағасы да бар еді. Ақыры күйеуіммен жекпе-жекке шығып, жеңіліп қалды. Тіптен Ержанның ағасы да араша түскен жоқ. Мені де қуалайды. Бұлар әбден басынған соң біз 10 және 7 жастағы ұл-қызымды алып, жаяулатып жолға шықтық. Сол кезде соңымыздан ағасы екеуі қуып келіп, машинамен қақты. Мен балаларды джиптің жолынан алып үлгердім», - дейді малшының әйелі Нұргүл Тойлыбаева.

Қорлық көрген ерлі-зайыптылар – Ақсу ауданына қарасты Сағабүйен ауылының жергілікті тұрғындары. Нұргүлдің айтуынша, бұл – бірінші рет болып отырған төбелес емес. Қожайынның қорлығы мен алдауына шыдамаған талай малшы қожалықтан қашып шыққан.

«Күйеуім Айбек Жолдыханға екі рет ота жасалды. Алдағы аптада тағы операцияға кіргізеді. Қазір аппарат арқылы ғана әрең тыныстап жатыр. Ешқайсы кешірім сұрап келген жоқ. Керісінше, мені кешеден бері екі машианмен аңдып жүр. Ағасы 1973 жылғы, маған ұялы телефоныңды бер деп қоймай жүр. Ағасы бізге полицияны да, жедел жәрдемді де шақыртпай қуды. Мен қашып шығып, дәрігерлерді шақырдым. Күйеуім осылардан таяқ жеген өзге де жұмысшыларды трактормен жолға шығарып тастайтын. Айлығын ала алмай, жұмыстарын тегін істеп кеткен талай жұмысшы болды. Ұлым мен қызымның көзінше күйеуімді таяқтап ұрды. Кешірім бермеймін, жолдасым мүгедек болып қалса, балаларды қайтып асыраймын?!», - деп күйінеді жәбірленуші Тойлыбаева.

Алматы облыстық ПД мәліметінше, күдіктінің үстінен адам өлтіруге оқталу және қасақана ауыр дене жарақатын салу дерегі бойынша айып тағылған.