15 жасар жасөспірімді зорламақ болған жігіт эстрадаға енді ғана қадам басып келе жатқан жас әнші болып шықты.
фото кадрдан скриншот
Алматы облысында педофилдің құрбаны бола жаздаған 15 жасар қыз өз-өзіне қол салған. Бойжеткен 19 жастағы танысы іске асырмақ болған зорлық әрекеттерге қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанына қатты қапаланса керек, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Жас қыз тоғызыншы маусым күні суицид жасады. Комада жатқан жасөспірімнің демі үш күннен соң үзілген. 15 жасар қыздың мұндай қадамға баруына өткен жылдың қыркүйек айында орын алған оқиға себеп болған.
Ол 19 жастағы таныс жігіттен туған күнге шақырту алып, басы бәлеге қала жаздаған. Жас жігіт оны зорлауға әрекеттенді. Алайда, қыз бала барынша қарсылық көрсетіп, педофилдің уысынан сытылып шыққан.
Анықталғандай, 15 жасар жасөспірімді зорламақ болған жігіт эстрадаға енді ғана қадам басып келе жатқан жас әнші болып шықты.
"Баламды қорғай алмай қалдым. Сіздер бізді қалай қорлағанды білмейсіздер де. Қызым болған жағдайды баяндап бергенде, мен өзімді қалай сезінгенімді сіздерге айтып жеткізе алмаймын. Сол жігіті қызымды жеделсатыға күштеп апарып, зорламақ болған. Бірақ, ол қарсыласып, ебін тауып қашып кеткен" , - деді марқұм қыздың анасы Әлия Оразбаева.
Бұл жағдайдан кейін жасөспірім үлкен күйзеліске ұшыраған. Анасының шағым түсірейік деген үнднеуіне ол "жамантты болмайық" деп қарсылық танытқан. Бірақ, баласының абыройын төкпек болған жігіттің ісіне шамданған анасы айтқанынан қайтпай қойған.
"Қылмыстық кодекстің 122-ші бабы бойынша іс қозғалды. Яғни, қыз бен жігіттің арасында бәрі өзара келісіммен болған дегенді меңзейді. Мұны қалай түсінуге болады? Қыз тергеушілерге берген түсініктемесінде оның уысынан сытылып шығу үшін қалай жанталасқанын айтып берген. Ал жігіт болса оны лифтіден шығармауға тырысқан" , - деді "Не молчи KZ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Дина Смаилова.
Алайда оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс тым ұзаққа созылып, ақыр-соңы жабылып тынған. Істің жабылғанын естіп, әбден қорланып, жүйкесі сыр берген жасөспірім Алматы облысының аумағында өз-өзіне қол салған. Осыдан кейін аймақ полицейлері басқа бап бойынша істі қайта ашыпты.
"Кәмелеттік жасқа толмаған қыздың қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 105 бабына сәйкес, өз-өзін өлтіруге жеткізу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарымен, Іле аудандық полициясы айналысуда. Айта кету керек Алматы облыстық полиция департаменті осы тергеу ісін өз бақылауына алды" , - деді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Серік Үпиев.