Алматы облысында 12 жасар бала сырғанақта өз қатарласына соғылған соң жансақтау бөліміне түсті.
ERNUR.KZ. Оқыс жағдай Қайназар ауылында болған. Қуанышқа орай дәрігерлер жасөспірімнің өмірін сақтап қалды. Қысқы демалыс басталғалы Алматыда 15 бала ауруханаға түскен, оның 4-нің жағдайы ауыр, деп жазады stan.kz.
Қыста баллонмен сырғанау көңілді болғанымен, адам өміріне өте қауіпті. Себебі баллонның бағытын басқару мүмкін емес. Егер жолда кедергі пайда болса, соқтығысу қаупі де жоғары болады.
"Олар сырғанап жүргенде төмендегі бала кетіп үлгермеген. Артқа бұрылғанда баллонмен сырғанағандар келіп қалған. Секірмек болған, алайда тізесі дәл көзіне тиіпті. Сол жерде бала есінен танып қалды", – дейді Қайнараз ауылының тұрғыны, Нұрисламның анасы Балжан Тұрашева.
Нұрислам комаға түсіп, жедел аймақтық балалар ауруханасына жеткізілді. Дер кезінде көмек көрсеткен дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалған.
"Баланың жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Қажет ем-дом хаттама бойынша көрсетіліп жатыр. Жағдайы жақсарып келеді", – деді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Асқар Қалиев.
Зардап шеккен Нұрисламның анасы мұндай жағдай ауылда бұған дейін де болғанын айтады.
"Біз ауруханаға түскен күні тағы бір қыз екі қолын жарақаттап келді. Ал екінші ұл баланың тісі сынған", – деп қосты Балжан Тұрашева.
Жамбыл ауданының тұрғындары балалардың жарақат алуына қарамастан жергілікті биліктің көз жұмып отырғанына наразы.
"Билік балаларға қауіпсіз сырғанайтын орын жасап берсе дейміз. Шұңқыр көп болғандықтан адамдар құлап, жарақат алады. Сондықтан сырғанаққа балаларды өзім апарамын", – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Қалихан Мұқаметхан.