Алматы зообағында 30 жылда алғаш рет тапир төлдеді

0
2 342

Тапирдің төлдеуі соңғы рет 80-жылдардың соңында тіркелген.


Алматы зообағында 30 жылда алғаш рет тапир төлдеді

ERNUR.KZ. Алматы зообағында үш жануар төлдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, ала тапир жануары мен қосөркешті түйе, кенгурудың саны артты. Оның ішінде тапирдің төлдеуі соңғы рет 80-жылдардың соңында тіркелген. Тапирдің аталығы - жеті жасар Мартин 2013 жылы Калининградтан әкелінген. Аналығы - төрт жасар Дуняша 2017 жылы Новосибирск қаласынан жеткізілді.

«Тапир 26 ақпан күні таңғы сағат 7.00-де төлдеді. Енесі мен төлін карантин бөліміне орналастырдық. Күн жылынғанда олар ортақ вольерге шығарылады», - деді зообақ фотографы Михаил Сорокоумов.


Зообақ келушілері енді кішкентай тапирді ғана емес, қос өркешті түйенің ботасы мен кенгурудің баласын да көретін болады. Түйе 27 ақпан күні төлдеді. Жануардың аталығы мен аналығы 11 жаста.

«Қосөркешті түйелер аязды климатқа жақсы бейімделген. Жүк тасуға төзімді. Ал нар түйелер шөлді климатқа, ұзақ жүріске шыдамды келеді. Онымен қоса, америкалық өркешсіз түйелердің 4 түрі бар (лама, альпака, гуанако мен викунья). Қазақ үшін түйе малы ерекше қасиетті. Түйе - молшылық пен байлықтың белгісі», - дейді зообақ өкілдері.

Кенгуру баласы былтыр қараша айында туған екен. Бірақ зообақ қызметкерлері ол туралы жақында білген. Оның себебі - енесі кенгурудің сөмкесінде тығылып келген.

«Кенгуру балалары эмбрион күйінде туылатыны белгілі. Сосын енесінің терісімен жорғалап отырып, сөмкеге жетеді. Сонда жетіледі. Жақында жас кенгуру сөмкеден тұмсығын шығарды. Ол сөмкеде әлі 7 ай өмір сүреді. Дегенмен, оның аналығы мен аталығы жазғы вольерге шыға береді»,- деді Михаил Сорокоумов.

Қалалық зообақ директорының міндетін атқарушы Айгүл Тулеева келушілердің тапир төлінен басқасын көре алатынын айтты. Жаңа туған төлдерге әлі есім берілген жоқ.