Алматыда бүлік кезінде бір күнде 145 ота жасалды

0
1 113

Орталық қалалық клиникалық ауруханасында мұндай мөлшерде операция жасау соңғы рет Алматы маңында ұшақ құлағанда болған екен.


Алматыда бүлік кезінде бір күнде 145 ота жасалды

ERNUR.KZ. Алматыда бүлікшілер әрекетінен жарақат алғандарға бір тәулікте 145 опареция жасалған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Орталық қалалық клиникалық ауруханасында мұндай мөлшерде операция жасау соңғы рет Алматы маңында ұшақ құлағанда болған екен. Бір дәрігердің өзі 12 рет отаға кіріп шыққан. Дәрігер Дәулет Шүкімановтың сөзінше, Орталық ауруханаға жаппай тәртіпсіздік кезінде 191 адам жарақатпен түскен.

«Пациенттер 5 қаңтарда көптеп емделуге келіп түсті. Бұл күні түрлі жарақаттармен көп адам бізге келді, 191 жүгіну болды. Пациенттердің көбісі басының және кеуде клеткасының ауыр жарақаттарын алған. Біз бұл ауыртпалықты көтеріп, ойдағыдай орындап шықтық. Қызметкерлердің бәрі қандай да бір көмектерінің қажет екенін түсініп жұмысына шықты. Пациенттердің жартысы шұғыл медициналық көмек көрсеткеннен соң амбулаторлық емделуге жіберілді. Ауруханаға да жатқызылды. Бұл күндері 9 кезекші бригада жұмыс істеді. 145 операция жасалды. Соңғы рет пациенттердің мұндай сан мөлшері ұшақ құлағанда болған. Бірақ ол күнмен салыстырғанда осы күндері бізде үлкен үрей болды, атыстың дауысы, агрессиялы пациенттер, олармен ілескен адамдар болды», - деді қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Дәулет Шүкімәнов.

Медициналық қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істеген. Қабылдау бөлімшесінің шұғыл операциясы бойынша бір сәтте 6-7 бригада науқастарға ота жасап тұрған. Тәртіпсіздіктен зардап шеккендердің арасында арухананың медицина қызметкерлері болмаған, аурухана ғимараты да зардап шекпеген.

Бүгінгі күні емхана тәулік бойы жұмысын жалғастырып, Алматы қаласының тұрғындарына шұғыл жоспарлы медициналық көмек көрсетіп жатыр.

«Бұл күндері біз әріптестерімізбен сала бойынша 12 операция жүргіздік. Түрлі сынықтармен түскен пациенттер болды. Сырттай фиксация, сүйек сынығына Иллизаров аппаратын салдық. Өте ауыр болды, көптеген пациент сүйек тіндерінің үлкен ақаулығымен типке жатпайтын зақымдармен түсті. Осы күні демалыста болған барлық қызметкерді жұмысқа шақырып алдық», - деді Ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Тәуекелов.