Кеше карантиндік шектеулерге байланысты актер Фархат Әбдірайымовпен қоштасу рәсімі тек туған-туыстарының қатысуымен өтетіні хабарланды.
ERNUR.KZ. Бүгін Алматыда танымал актер Фархат Әбдірайымовты ақтық сапарға шығарып салды. Ол "Кеңсай" зиратына жерленді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Грузияда қайтыс болған Фархат Әбдірайымовтың денесі кеше таңертең арнайы рейспен Алматыға жеткізілген еді. Фархат Әбдірайымовпен қоштасу рәсімі 23 мамырда жабық режимде өтетіні хабарланды.
"Пандемияға байланысты жерлеу рәсімі тек Фархат Әбдірайымовтың туған-туыстары мен жақындарының қатысумен өтетінін жеткізген марқұмның отбасы актердің шығармашылығының табынушылары мен БАҚ өкілдерін осы шешімге түсіністікпен қарауды сұрайды", - деп хабарлады "Қазақфильм" киностудиясы.
Фархат Әбдірайымовты Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының кіреберісіндегі арнайы жабдықталған жерге гүл шоқтарын қою арқылы еске алуға болады.
Фархат Әбдірайымовтың қазасы
Актер әрі продюсер Фархат Әбдірайымов 21 мамырда 55 жасында қайтыс болды. Актердің қазасына инфаркт себеп болған. Ол Грузияда "Больше, чем любовь" фильміне түсіп жатқан.
Актердің достары оның бірнеше жыл бұрын инфаркт алып, жүрегіне ота жасатқанын айтты. Операциядан кейін оған 2 топтағы мүгедектік берілген.
Грузияда дәрігерлер Әбдірайымовтың өмірі үшін бірнеше сағат күрескен, бірақ ол таңғы бесте дүниеден өтті.