Алматыда қоғамдық көлікте маска тақпағандарға айыппұл салынады

0
1 867

Маска тақпаған жолаушыларды қоғамдық көлікке кіргізбеу және қажет болған жағдайда түсіріп кету туралы тапсырма берілді.


Алматыда қоғамдық көлікте маска тақпағандарға айыппұл салынады

ERNUR.KZ. Қалалық мобильділік басқармасы, көлік холдингі мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен құралған мониторинг топтары жолаушылардың санитарлық ережелерді ұстануын тексеруді қолға алды, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұған дейін қоғамдық көлікте басқарма қызметкерлері рейд жүргізіп, тек ескерту жасай алатын.

Қазіргі мониторинг тобы санитарлық ережелерді бұзғандарға айыппұл салып, шара қолдануға құқылы.


«Сонымен қатар, қалада жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Жолаушылар ағымына қарай жүктемесі жоғары 28 бағыт бойынша қосымша автобустар шығарылып, жүру интервалы қайта қарастырылды. Соңғы аялдамаларда автобус салондарына дезинфекция жасалады»,- деп хабарлады әкімдіктен.


Сондай-ақ автобустар мен метрода маска тағу қажеттігі туралы ақпараттық аудиохабарлама жасалады. Жүргізушілер жұмыс уақытында маска тағуға міндеттелді.

Сонымен қатар, маска тақпаған жолаушыларды қоғамдық көлікке кіргізбеу және қажет болған жағдайда түсіріп кету туралы тапсырма берілді.

Көлік холдингі қызметкерлері де карантин кезінде санитарлық нормаларды бұзушыларға ескерту жасап, автобустан түсіру туралы тапсырма алды.

Алматылықтардың қажеттілігін толық өтеу үшін қалаға мыңға жуық автобус қажет. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.

2021 жылы коммуналдық автопаркке 150 жаңа газбен жүретін автобус жеткізілді.

Жолаушылардың сұранысына қарай автобустардың бір бөлігі ескі автобустарды жаңалауға және маршруттарды күшейтуге, ал бір бөлігі жаңа маршруттар ашуға жіберілді.

Жылдың аяғына дейін тасымалдаушылар екі жүзден аса автобус сатып алуды жоспарлап отыр.