Алматыда лифтіде болған трагедияның мән-жайы анықталды

0
1 096

Оқыс оқиға "Алғабас-6" шағын ауданында кеше кешке болды. Лифтіге қызмет көрсететін компанияның өкілі оқиғаның мән-жайын айтып берді


Алматыда лифтіде болған трагедияның мән-жайы анықталды

ERNUR.KZ. Алматыдағы "Алғабас" шағын ауданында егде жастағы ер адам лифт шахтасына құлап кетті. "Алматылифт" компаниясының өкілі мән-жайды айтып берді, деп жазады sputniknews.kz.

Оқыс оқиға Алматы қаласындағы "Алғабас-6" шағын ауданындағы №144 үйде 13 ақпанда сағат 16:20 шамасында болған. Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 59 жастағы ер адам оқыс оқиға салдарынан мерт болған. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы, яғни "Қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін тауарды шығару немесе сату, қызмет көрсету" бойынша тергеу басталды.

Алдымен ер адам құлап кеткен жеделсатының ішінде көз жұмды деген ақпарат тараған. "Алматылифт" ЖШС Sputnik Қазақстан тілшісіне бұл жайттың басқалай болғанын айтып берді.

"Басында бізге жеделсатының кабинасы құлап кетті деген ақпарат түсті. Анықтай келсек, кабина алтыншы қабатта тұрған болып шықты. Шамамен кешкі 20.00 кезінде бізге осы үйдің жеделсатысы істемей тұрғаны жайлы арыз түскен. Біз бірден жұмыс бригадасын жібердік, ал олар лифтінің есігі бұзылып жатқанын көрген. Механик бірінші қабатқа түсіп, лифтіні ашқанда төменде ер адам жатқан. Жігіттер бірден полиция мен жедел жәрдемді шақырған", - деп түсіндірді "Алматылифт" ЖШС директорының орынбасары Максим Телицкий.

Одан соң мамандар ПИК-ке (КСК) барып, сол үйдің бейнебақылау таспасын алдырыпты. Одан жеделсатының 6-қабатта тұрып қалғаны анықталған.

"Ер адам 5-қабатта лифт шақырған. Бейнебақылау таспасындағы жазбада көрініп тұрғандай, ол өзін бір түрлі ұстаған, тәлтіректеп әрең тұр. Есікті ұрып, оны бұзғанын да көруге болады. Ол кабина жоғын көрді де. Бірақ соған қарамастан алға қадам жасап, құлап кетті", - деп толықтырды Телицкий.

Қазір оқыс оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Соған байланысты жеделсаты іске қосылмаған.

"Алматылифт" өкілінің айтуынша, бұл 2015 жылы орнатылған жаңа импорттық жеделсаты болған. Жеделсатылар жыл сайын тексеріліп отырған. Соңғы рет 2018 жылы 13 шілдеде тексерілген екен. Бұл жолы жоспар бойынша үш күннен кейін "Алматылифт" мамандары осы үйдегі жеделсатының техникалық жағдайын тексеруі тиіс болған. Ал жеделсатының неден істен шыққаны әзірге белгісіз.