Қаскүнем ғимараттың ішіне қабырғаны бұзу арқылы кірген. Шығын 40 миллион теңгеден асты.
ERNUR.KZ. Алматы облысында 2021 жылдың қыркүйегінде ломбард тонаған күдікті ұсталды. Полиция оны ұстау сәтінің видеосын жариялады, деп жазады sputnik.kz.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 11 қыркүйекте Қарасай ауданы полициясына Қаскелең қаласының 54 жастағы тұрғыны жүгінген. Ол ломбардтағы бағалы заттары ұрланғанын айтты. Қаскүнем ғимараттың ішіне қабырғаны бұзу арқылы кірген. Шығын 40 миллион теңгеден асты.
Аталған дерек қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
"Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Алматы облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Екібастұз қаласының 36 жастағы тумасын анықтады. Ол бұрын қарақшылық, тонау және ұрлық үшін бірнеше рет сотталған. 6 қарашада күдікті Алматы қаласында арнайы операция кезінде ұсталды", - делінген полиция ақпаратында.
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Күдікті ұрланған заттарды алыпсатарларға өткізген. Ақшаға айырбастаған соң әйелінің көлігін кепілден шығарған, өзіне де жаңа көлік сатып алған.