Алматыда жігіттерді көлікпен қағып өткен күдікті қамауға алынды

0
1 306

Күдікті бұған дейін де бір рет сотталып, ақталып шыққан.


Алматыда жігіттерді көлікпен қағып өткен күдікті қамауға алынды

ERNUR.KZ. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты қасақана үш адамға соққы жасады деген күдіктіні қамауға алу туралы шешім шығарды. Ол тергеу барысында екі айға қамауға алынды, деп жазады тengrinews.kz.

Жандос Әлікеев 1995 жылы дүниеге келген, Тараз қаласының тумасы. Алматыда тұрады, орташа білімі бар және жұмыссыз, бойдақ. 2015 жылы жігіт бұзақылығы үшін сотталған. Кейіннен ақталып шыққан. Сол түні ол ақ түсті Toyota Camry автокөлігін тізгіндеген. Ал інісі Дінмұхамед қара Toyota Avensis маркалы көлікті айдаған.

Жандос Әлікеев сотта өзіне тағылған айыпқа еш келіспейтіндігін жеткізді. Оған 24-баптың 3-бөлігі, 99-бап 2-бөлігінің 1, 7, 9-тармақтары "Адам өлтіруге оқталу" бойынша айып тағылды.

"Төбелес болғаны рас. Олар 20 адам болды. Біз бес-алты ғана адам едік. Достарымыз құлап жатты. Шок алдым, ол жерден кетіп қалғым келген. Сол үшін автокөлікке отырған болатынмын. Адам өлтіру ойымда болмады. Біз дүкеннен шығып келе жатқанда әлгілермен төбелес басталып кетіпті. Достарым Гагарин даңғылымен жүгіріп бара жатыр екен. Сол себептен де бірден кете алмадым. Көлікке отырғаным сол еді, біреуін қағып кеттім. Мені бас бостандығымнан айырмау туралы санкция сұраймын", - дейді Жандос Әлікеев.

Адвокат Әлікеевтің болған жағдайға өкінетінін атап өтті. Оның кішкентай сәбиі бар екенін ескерткен қорғаушысы, жаза ретінде жігітті кепілдікке алуды сұрады. Бірақ сот оны екі ай қамауға алуға шешім шығарған.

Еске сала кетсек, 26 тамызда желіде үш адамды көлікпен таптап өткен видео тараған болатын. Ақ Toyota Camry көлігі біреуінің үстінен басып кете жаздады. Ал екінші қара түсті Toyota Avensis үш адамды қасақана қаққан.