Алматыдағы фотостудиялардың бірінде төрт жасар бүлдіршіннің үстіне 80 килограммдық айна құлап кеткен

0
205

​Баланың анасының айтуынша, студия иесі сынған айна үшін өтемақы талап еткен.


Алматыдағы фотостудиялардың бірінде төрт жасар бүлдіршіннің үстіне 80 килограммдық айна құлап кеткен

Видеодан алынған кадр

ERNUR.KZ. Алматыдағы фотостудиялардың бірінде төрт жасар бүлдіршіннің үстіне 80 килограммдық айна құлап кетіп, бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Баланың анасы студия иесі жауапкершіліктен қашып, дөрекі мінез көрсетті деп айыптап отыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Өзін Сарбиназ деп таныстырған Алматы қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде қызын жарақаттаған оқиғаға байланысты шағым білдірді. 2024 жылдың 25 қазанында Сарбиназдың отбасы Алматыдағы Қонаев көшесі 15/1 мекенжайындағы «Этаж 15» фотостудиясында фотосессия жасауға барған. Бірақ фотосессия кезінде студияда жазатайым жағдай болған.

Автордың айтуынша, фотосессия басталғаннан кейін шамамен 20 минут өткенде бөлмеде үлкен гүрсіл естілген. Нәтижесінде оның төрт жасар қызының үстіне үлкен 80 килограммдық айна құлаған. Қызының беті мен қабағы жарылып, миы шайқалған.

Сарбиназ бұл жағдайға айнаның дұрыс қойылмағаны себеп болғанын алға тартады. Оның айтуынша, ауыр айна қабырғаға тек сүйеліп, ешбір бекітілмеген күйде тұрған, сол себепті кез келген жеңіл қозғалыс оны құлатуы мүмкін еді.

Қызы ауруханаға жеткізілгеннен кейін Сарбиназ фотостудияға қайта оралып, иесімен сөйлескен. Алайда, оның айтуынша, студия иесі кінәні мойындамады, керісінше, сынған айна үшін өтемақы талап етіп, дөрекі сөйлеген.

«Мен өзімнің төрт жасар қызымды қанға боялған күйде ауруханаға апара жатқанда, студия иесі бізге айна үшін өтемақы төлеуді талап етті. Жауапсыздықтың осыншалықты деңгейде болатынына сенбеймін», — дейді Сарбиназ.