Жоспар бойынша жылына 30 000 көлік құрастырылса, оның жартысы Орта Азиядағы көрші елдерге экспортталады.
ERNUR.KZ. Алматыдағы Hyundai зауытының құрылысы жайлы толық ақпарат жария болды. Автоқұрастыру кәсіпорнының құрылысы басталғанын өткен аптаның соңында Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Astana Group басшысы Нұрлан Смағұлов айтқан болатын, деп жазады altaynews.kz.
Белгілі болғандай, цехтар сәуір айында салына бастайды екен, арнайы алаң Алматының солтүстік-батысындағы ЖЭЦ-2 маңындағы индустриалды аймақта орналасқан. Жыл соңына дейін цехтарды кореялық мердігер салады, әрі зауытты да бастапқыда кореялықтар басқарады.
2020 жылы мұнда SKD-құрастыру жұмыстары басталады. Алғашқы кезеңде Алматыда елде таныстырылған Hyundai үлгілерінің барлығы ірі торапты әдіспен құрастырылады. Сәл кейінірек дәнекерлеумен және бояумен айналысатын цехтар жұмысын бастап, мұнда Санкт-Петербургтен Accent пен Creta-ның бөлшектері келе бастайды. Сонымен қатар, компания мамандары жасақтаушы бөлшек жеткізушілерді тартуды көздеп отыр. Жоспар бойынша жылына 30 000 көлік құрастырылса, оның жартысы Орта Азиядағы көрші елдерге экспортталады.
Жобаға құйылатын инвестицияның жалпы көлемі 25 миллиард теңгені құрайды. Оның 20 %-ы меншікті қаражат болса, 80 %-ы қарызға алынады. Компания өкілдері зауыттың ашылуы 700 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін айтады. Осы орайда қазіргі таңда Hyundai көліктерінің Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорнында құрастырылатынын естеріңізге сала кетейік. 2018 жылы мұнда тоғыз мыңға жуық көлік шығарылды.