Қатты соққыдан полиция қызметкерлерінің арасында талып қалғандар да болған.
ERNUR.KZ. Алматы қаласының Түрксіб аудандық полиция басқармасының патрульдік полиция полкінің инспекторы қаңтар оқиғасы кезіндегі бұзақылардың әрекетін сипаттап берді, деп жазады ҚазАқпарат.
Патрульдік полиция полкінің инспекторы Руфан Рагимовтың айтуынша, топ адам тәртіп сақшыларын соққының астына алған. Өздерінің көптігін пайдаланып, тас, арматура лақтырып, күш көрсеткен.
«Полицейлердің бір тобы Сейфуллин көшесі бойымен оңтүстік жаққа, ереуілдеушілерге қарай бет алады. Ал ереуілдеушілер Тимирязев көшесімен шығысқа қарай бет алған. Сол сәтте екі жақ бір-бірімен кездесіп қалды. Бүлікшілердің қолында тас, арматура, темірлер болды. Олар тас лақтырғанда басымыздағы каскаға дейін ұшты», – деп еске алды ол.
Қатты соққыдан полиция қызметкерлерінің арасында талып қалғандар да болған.
«Шамамен 500-800-дей адам болды. Олар өте көп еді. Біз оларды дүрбелең болмасын деп, таратып жіберуге тырыстық. Адамдар бізге күш көрсетіп, шабуыл жасайды деп ойламадық. Ешкім сөзге тоқтамады», – деді Руфан Рагимов.