Алматылықтар тағам жеткізуші үшін 64 литр қан тапсырды

0
1 079

Дәрігердер донорлық қанның көмегімен гемоглобинін көтерген.


Алматылықтар тағам жеткізуші үшін 64 литр қан тапсырды

ERNUR.KZ. Алматыда жол апатынан зардап шеккен медициналық ЖОО студентінің өмірін құтқару үшін, жүздеген адам қан тапсырды. Ол жазғы демалыста тағам жеткізуші болып жұмыс істеген, деп жазады Stan.kz.

«Бүгін біздің студентіміз үшін қан тапсыруға келген мейірімді жандарға алғыс білдіреміз. Қан орталығына біздің университетіміздің студенттері ғана емес, қаладағы басқа да ЖОО-лардың студенттері, бей-жай қарай алмаған жандар келді. Біз барлығымыз – үлкен күшпіз. Асылбек тезірек сауығып, жанымызға оралсын! Таңертеңнен көптеген адам келді. Алайда медициналық көрсеткіштер бойынша, барлығының қанын қабылдай алмады», - дейді ҚазҰМУ-дың баспасөз қызметіндегілер.

«Жалпы медицина» факультетінің 2-курсында оқып жатқан 20 жастағы Асылбек Жұмабаев тағам жеткізуші болып жұмыс істеп жүргенде жол апатынан зардап шеккен. 1 шілдеде Солтүстік айналма жолда ол мінген мопедті жеңіл автомобиль қағып кетіпті. Куәгерлердің сөзінше, апатқа кінәлі жүргізуші мас болған. Артынша бұл факт медициналық сарапатама пунктінде расталды.

Студент ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. Оған бас сүйек-мидың ашық жарақаты, мидың зақымдалуы, көкірек қуысының жабық жарақаты, жамбас сүйегінің жабық сынығы, сан сүйектерінің жабық сынығы, 3-дәрежедегі геморрагиялық шок және тағы басқа диагноздар қойылған. Диагнозда оның жағдайы өте ауыр екені жазылыпты.

Медициналық университеттің баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, зардап шеккен студенттің жағдайы ауыр күйде қалып отыр. Дәрігердер донорлық қанның көмегімен гемоглобинін көтерген.

Қазіргі уақытта қалалық №4 клиникалық аурухананың дәрігерлері оның өмірі үшін күресуде.