Оқиға 5 шілдеден 6 шілдеге қараған түні болған.
ERNUR.KZ. "Алтын Орда" базары басшысының BMW X7 маркалы көлігі тоналды, деп жазады sputnik.kz.
Оқиға 5 шілдеден 6 шілдеге қараған түні болған.
"Қарасай аудандық полиция бөлімі аумағында тұрған BMW автокөлігінен ақша ұрланды. Бұл көлік "Алтын орда" базарының басшысының көлігі болған. Көліктің тоналғанын құқық қорғау органдарының мамандары өздері айтты", - дейді "Алтын орда" базарының баспасөз қызметі.
Жедел кезекшінің айтуынша, белгісіз адамдар әйнекті сындырып, көлікте тұрған 4,5 млн теңгені үптеп кеткен.
"Автокөліктің салонында қолма-қол ақшаның бар екенін базар басшысын ұстаған және осы көлікті қабылдаған полиция қызметкерлері ғана білді. Полиция департаментінің аумағына жасырын кіру мүмкін емес. Әрбір полиция департаментінде күзет және өрт дабылы жүйелері орнатылған", - дейді базар мамандары.
Базар басшылығы полиция тергеуіне күмәнмен қарап отыр.
"Егер белгісіз адамдар Қарасай АІІБ аумағына кіріп, сол жерде қылмыс жасап, аман-есен кетіп қалса, басқа жердегі ұрлықтар туралы не айтуға болады? Полиция тәртіп орната алмаса, оларға қалай сенуге болады? Мына жағдайдан кейін қандай қорытынды жасауға болады?", - дейді "Алтын орда" базарының баспасөзі.
Ал Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайдың тексеріліп жатқанын айтады.
"Қарасай ауданының полиция басқармасына белгісіз адамдардың BMW X7 автокөлігімен атыс қаруын заңсыз тасымалдап жүруі мүмкін екендігі туралы хабарлама келіп түсті. Автокөлікті тексеру барысында автокөліктің қалтасында 4 500 000 теңге көлемінде ақша сақталғаны анықталды, оны белгісіз адамдар ұрлап кеткен", - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.