Қарағандыда балабақша өртеніп, 130-ға жуық адам эвакуацияланды

0
1 854

Мектепке дейінгі білім мекемесінің тәрбиешілері мен қызметкерлері ғимараттан түтіннің иісін байқап, балаларды бірден қауіпсіз жерге шығарған.


Қарағандыда балабақша өртеніп, 130-ға жуық адам эвакуацияланды

Қарағандыда жекеменшік балалар бақшасында өрт шығып, балабақша әкімшілігінің қызметкерлері мен тәрбиешілері 129 баланы қауіпсіз жерге көшірген. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ, деп хабарлайды Baq.kz.

«Дарынды бала» жекеменшік балалар бақшасында өрт шыққан. Мектепке дейінгі білім мекемесінің тәрбиешілері мен қызметкерлері ғимараттан түтіннің иісін байқап, балаларды бірден қауіпсіз жерге шығарған. Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тілсіз жау бес шаршы метр аумақты қамтыған.

«Дарынды бала» бақшасы 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Балалар мекемесінде барлығы алты топ бар. Мұнда екі мен алты жас аралығындағы 130-дан астам бала тәрбиеленеді. Мектепке дейінгі білім беру мекемесіндегі өрт қауіпсіздігіне тексеріс ғимарат пайдаланылуға берілген кезде жүргізілген.

Балалар бақшасының әкімшілігінің айтуынша, өрт қауіпсіздігі бойынша жаттығулар мен оқытулар педагогтар арасында үнемі өткізіледі. Төтенше жағдай орын алып, балалары эвакуацияланған ата-аналар болса тәрбиешілердің өртті дер кезінде байқап, бүлдіршіндерді қауіпсіз жерге көшіргендеріне алғысын айтады.