«АрселорМиттал Теміртаудың» Қазақстанда қалу-қалмауына қатысты шешім жақында қабылданады – Ерлан Қошанов

0
1 266

Президент «Қазақстан» шахтасында болған өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.


«АрселорМиттал Теміртаудың» Қазақстанда қалу-қалмауына қатысты шешім жақында қабылданады – Ерлан Қошанов

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазақстан» шахтасындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл – үлкен қасірет. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендер тезірек сауығып кетуін тілеймін.

Мемлекет басшысы бұл оқиғаға өз бағасын берді. Қайталанып жатқан мұндай жазатайым оқиғалар мен адам өлімі «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының жұмысшылар үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ете алмай отырғанын көрсетті. Бұған не себеп болғанын – немқұрайлылық немесе қасақана әрекеттер ме, оны тергеу көрсетеді. Президент Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне тиісті тапсырмалар берді. Премьер-министр оқиға орнына барды. Осы өңірден сайланған Мәжіліс депутаттары да Шахтинскіде жүр», - деп жазды Мәжіліс төрағасы Facebook желісінде.

Оның айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» басшылығымен талай рет жоғары деңгейде кездесулер өткізіліп, онда өндіріс қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Алайда кейінгі жағдай тиісті қорытынды жасалмағанын көрсетіп отыр.

Еске салайық, «Қазақстан» шахтасында өрт 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанды. Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті. 5 жұмысшының тағдыры белгісіз болды. Кейін олардың бірінің денесі табылды. Қалған 3 адамды іздестіру жұмысы жалғасты.

Қарағандыдағы көмір шахтасында зардап шеккендердің арасында екі адам жансақтау бөлімінде жеткізілгені туралы хабарлаған едік.

Айта кетейік, Президент «Қазақстан» шахтасында болған өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.