Арыстанбек Мұхамедиұлы: Ату жазасына да келісемін

0
371

Астанада экс-министрдің соты бүгін де жалғасып жатыр.


Арыстанбек Мұхамедиұлы: Ату жазасына да келісемін

ERNUR.KZ. Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ату жазасына келісетінін, алайда айыпты мойындамайтынын мәлімдеді, деп жазады ulysmedia.kz.

«Мен кез келген жазаға келісемін, тіпті ату жазасына да. Бірақ ақшаны шығындады деген айып үшін емес. Өлімнен ұят күшті деген», - дейді ол.

Астанада экс-министрдің соты бүгін де жалғасып жатыр.

«Бір жыл болды. Бірде-бір адам заңбұзушылық болды деп айтқан жоқ. Керісінше, біз Алтын адамды сақтап қалды, уақытында алып келдік. Мақұл, Үндістанда жата берсін деп қалдырсақ, Алтын адамды нақты жоғалтар едік. Сол үшін төрт адамның ұяты таза. Қазақстан жасасын!» - деді экс-министр сот соңында.

Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.

Бұдан бұрын Арыстанбек Мұхемадиұлыны адвокаты Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында оның үстінен арызданғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ, сотталушы Көшенов сотқа Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде шақыруды өтінді. Айтуынша, актер ол туралы "жалған ақпарат берген". Сотталушы не үшін екенін сұрап, Жаманқұловқа хат жазғанда актер "сені танымаймын" деп жауап берген-мыс.

Алайда прокурор Зәкіров "оны шақырудың қажеті жоқ" деген болатын. Судья ақыры Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырудың маңызы жоқтығын айтып, Көшеновтың өтінішін қанағаттандырмады.

Сондай-ақ, судья Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберуге де келіскен жоқ.

16 мамырдағы сот отырысында экс-министр прокурорға шүйлігіп, оны қызметінен алып тастауды талап еткен.

22 мамырда бұрынғы Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловадан куәгер ретінде жауап алынды.

Ал 23 мамырдағы отырыста адвокат Айгерім Әнуарбек бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның туған-туыстарына бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

24 мамырдағы сот отырысында азапталғанын мәлімдеген Мұхамедиұлы психологтың көмегін талап етті.

Сондай-ақ, жауап алу кезінде экс-министр өзіне қарсы істің ойдан шығарылғанын және тек қаржылық мүдде үшін, ең алдымен, «Дипломат» қонақ үйіне байланысты қозғалғанын айтты.

Прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға соттауды сұрап отыр.