Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша тергеу соты басталды

0
641

​Сот отырысы онлайн өтіп жатыр.


Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша тергеу соты басталды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда бұрынғы мәдениет министрі, Қазақстан ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша тергеу соты басталды, деп жазады sputnik.kz.

Қалалық соттың баспасөз қызметінің ақпаратынша, сот отырысы онлайн режимде өтіп жатыр. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің "Сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жария етуге жол бермеу" бабы бойынша БАҚ өкілдері үшін шектеу енгізілген. Яғни журналистер сотқа қатыса алмайды.
Еске салсақ, осы жылы 28 мамырда сот санкциясымен Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы екі айға қамауға алынды. Оны бюджет ақшасын жымқырды деп айыптап жатыр.
Антикордың мәліметінше, 2017-2018 жылдары "Ақпараттық ресурстарда объектілерді танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген объектілердің 3D модельдерін құру" жобасын іске асыру кезінде 1,2 млрд теңге ұрланған. Ал жұмыстардың нақты құны небәрі 83,4 млн теңгені құрағаны анықталды.
29 мамырда Мұхамедиұлының баспасөз хатшысы басшысының қамауға алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бірақ ресми мәлімет бойынша оның екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.
Сондай-ақ желіде өзінің қамауға алынатынын білген соң, Арыстанбек Мұхамедиұлы тамырын кесті деген ақпарат тарады. Бірақ оның баспасөз хатшысы экс-министрдің өзіне қол жұмсамақ болғанын жоққа шығарып, ол аяғындағы жарақатына байланысты ауруханаға түскенін айтты.