Қазақстандық Әсел Айтбаева 5 мамырда Тбилисиде түсініксіз жағдайда қайтыс болды.
Грузияда қайтыс болған Әсел Айтбаеваның ісі бойынша қамауға алынған жалғыз күдікті алқабилер сотынан бас тартты. Бұл туралы алдын ала сот тыңдалымына дайындықта айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Мұрат Мейірбеков қорғаушысымен бірге сот отырысының қарапайым форматын таңдаған.
"Алқабилерсіз кінәсіз екенін дәлелдеу оңай. Ол қорғаушымның еркі, мен оны мәжбүрлей алмаймын", - деді журналистерге Мұрат Мейірбековтің адвокаты Чинзбек Маханов.
Сондай-ақ, істе "Зорлау" бабы болғандықтан сот отырысы БАҚ өкілдерінсіз өтті. Алайда Әсел Айтбаеваның ата-анасы мен олардың қорғаушысы процестің ашық өткізілуін талап еткен. Сот залына журналистермен бірге марқұмның әкесі де кіргізілген жоқ. Өйткені іске куәгер ретінде шақырылған адам заң бойынша сотқа қатыса алмайтыны айтылған.
Марқұм Әселдің өліміне қатысы бар жалғыз күдіктінің мүддесін оның адвокаты мен қоғамдық қорғаушы ретінде ағасы қорғамақ.
Мұрат Мейірбеков адам саудасы және адам зорлау ісімен бір жылдан бері қамауда отыр.
Еске салайық, қазақстандық Әсел Айтбаева 5 мамырда Тбилисиде түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Қыз көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Оның өліміне қатысы бар деген күдікпен Грузияда ер адам ұсталды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдіктіге зорлау және адамның ар-намысын кемсіту арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу сияқты айыптар тағылып отыр.
Марқұмның әпкесінің сөзінше, Әсел қайтыс болар алдында құрбысына аудиохабарлама жіберіп үлгерген. Аудиода белгісіз ер адамның оған қоқан-лоқы көрсетіп жатқаны естіледі.