Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов ауылдардың даму мәселелері туралы баяндады.
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметке сілтеме жасап.
Агломерациялардың, моно- және шағын қалалардың, сондай-ақ даму әлеуеті жоғары ауылдардың даму мәселелері туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов баяндады.
Жаңа бағдарламада басымдықтар қалалық өсу орталықтарын – төрт ірі агломерацияны және өңірлік урбандалған аймақтарды, сондай-ақ тірек және спутниктік ауылдарды дамытуға бағытталған. Қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда инфрақұрылымды дамыту үшін Өңірлік стандарттар жүйесі енгізілетін болады.
Ұлттық экономика министрі хабарлағандай, Бағдарламаның бірінші бес жылдығы осы жылы аяқталады. 4 ірі агломерацияның (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалалары мен оларға іргелес елді мекендерінің) халық саны 1 млн адамға артты. Моноқалаларда сумен жабдықтау желілерінің тозуы 10%-ға және электр желілерінің тозуы 12%-ға төмендеді.
«Бес жыл ішінде 17 мың маманға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген бюджеттік кредит берілді. Ауылдарды абаттандыру бойынша 8 мың жоба іске асырылды. 700 мыңға жуық ауыл тұрғындары үшін инфрақұрылым жақсарды. Аталған іс-шараларға барлығы 252 млрд. теңге бөлінді. 2014 жылдан бері инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 1,4 трлн теңге бөлінді», - деді Р. Дәленов.
Оның айтуынша, бүгінде 17 өңірде 87 қала мен 6,5 мың ауыл бар. 2015 жылдан бастап урбандалу деңгейі 58,2%-ға дейін өсті. Миллион тұрғыны бар қалалар саны 3-ке жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18 ірі қалада 1,5 есе артты.
«Қазақстан-2050 Стратегиясы және Қазақстан Республикасын 2025 жылға дейін дамытудың Стратегиялық жоспары шеңберінде өңірлік саясат басымдығы басқарылатын урбандалуды қамтамасыз ету болып табылады. Жаңа бағдарламада елдің дамуы үшін маңызды институционалдық жағдайлар айқындалған. Бұл – экономикалық өсу «орталықтарын» қалыптастыру, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, барлық өңірлерде базалық өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету», - деді Р. Дәленов.
Ұлттық экономика министрі атап өткендей, Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның урбандалу деңгейі ең жоғары – 58,%, алайда, ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда төмен. Ол елдерде бұл көрсеткіш 77% құрайды. Урбандалу деңгейін 1%-ға арттырғанда жалпы ішкі өнімнің өсімі 0,12% құрайды. Сәйкесінше, урбандалу деңгейі жоғары болған сайын халықтың табысы да жоғары болады.
Бағдарламаның ерекшелігі – өсу «орталықтарын» дамыту, оларды басым түрде қаржыландыру болып табылады. Бағдарламаны іске асыру шеңберінде мемлекеттік бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары, кешенді жоспарлар және стратегиялар синхрондалатын болады. Кешенді іс-шараларды іске асыру есебінен еңбек, қаржы ресурстарының экономикалық шоғырлануына қол жеткізілетін болады.
Ауылдық өндірушілер үшін ауқымды нарық қалыптастырылады, шикізаттық емес жалпы ішкі өнімнің өсуі қамтамасыз етіледі. Көлік байланысы жақсарады.Бұл барлық өңірлердің өсуі үшін синергиялық әсер береді.
Бағдарламаның жаңа бағыттары айқындалған:
- Урбандалған аймақтар арқылы өсу орталықтарын дамыту.
- «Ауыл – Ел бесігі» шеңберінде тірек және спутниктік ауылдарды жаңғырту.
- Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін Өңірлік стандарттар жүйесін енгізу.
Бүгінде өсу орталықтары анықталған: 4 агломерация, 14 ірі урбандалған аймақ, 18 шалғайдағы моноқалалар мен шекара маңындағы шағын қалалар.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауыл тұрғындарының 90% немесе 7 млн адам тұратын 3 477 ауыл жаңғыртылады. Адамдар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Ауылдардың аудан және облыс орталықтарымен көліктік байланысы жақсаратын болады.
Қалаларда басқарылатын урбандалу арқылы ауқымды нарық дамиды және еңбек ресурстарының мобильдігі үшін жағдайлар жасалады. Өңірлік стандарттар жүйесі арқылы қалалар мен ауылдарды дамыту процесін жүйелендіру халықтың өмір сүру жағдайларын сапалы түрде жақсартуға мүмкіндік береді.
Барлығы 1,3 трлн теңге бөлу көзделеді, оның ішінде ауылдарды дамытуға 2026 жылға дейін 900 млрд теңге бөлу туралы мәселе қосымша пысықталуда.
«Урбандалу деңгейін 62%-ға дейін жеткізу жоспарланады. Урбандалу жалпы ішкі өнімді 0,52%-ға қосымша арттыруға мүмкіндік береді. Өңірлік теңсіздіктер қысқарады. Халықтың нақты ақшалай табыстары 25%-ға өседі. Бағдарламаның негізгі нәтижесі қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда тұратын азаматтардың әл-ауқатын арттыру болады», - деп түйіндеді Р. Дәленов.