Зардап шеккендер жоқ.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда бензин құйылған 4 цистерна рельстен шығып кетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«28 маусым күні сағат 13:30-да «Өндіріс» теміржол станциясынан бензин құйылған 4 цистернаның рельстен шығып кеткені туралы хабар түскен. Оқиға орнына бірден қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жіберілді. Оқиға орнына жеткен кезде төтенше жағдайлар саласының өкілдері бензин құйылған 4 цистернаның рельстен шығып кеткенін көрді. Алайда бензин төгілмеген, цистерналар да аударылмаған» делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы кезде электр желілері жинақталып, жедел штаб құрылды. Оқиғаның салдарымен жұмысқа жеке құрамнан 25 адам, 4 арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан Төтенше жағдайлар департаментінің өртпен күрес бекеттері орнатылды.