​ Астанада ұлдар ойнап жүрген баланы биік үйден лақтырып жібермек болған (видео)

0
314

Олардың адам шошырлық видеосы әлеуметтік желіде тарады.


​ Астанада ұлдар ойнап жүрген баланы биік үйден лақтырып жібермек болған (видео)

ERNUR.KZ. Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде есік алдында ойнап жүрген ұлдар бойы өздерінен әлдеқайда аласа баланы биік балконнан лақтырып жібермек болған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ең сорақысы, олар өздерінің қорқынышты әрекетін бастан-аяқ видеоға түсіріп алған.

Оқиға орнынан репортаж жүргізіп тұрғандай болған ұл бала «мен және менің құлдарым мына кішкентай «балапанды» қазір он алтыншы қабатқа апарып, лақтырамыз» дейді. Жанындағы ұлдар оның сөзіне күліп, өздерінің есімдерін айтқан.

3 минуттан асатын видеода ұлдар көк күртеше киген, бойы аласа балаға аямай буллиң жасаған. Оны лифтінің ішінде де мазақ етіп, видеоға түсіріп, үстінгі қабатқа шығарған. Тұрғын үйдің лифтісі мен сатысының арасындағы сыртқы балконға қарай апара жатқанда кішкентай ұл бала жерге жатып алған. Яғни, барғысы келмеген. Оны күштеп сүйреген ұлдар сыртқы балконға шығарып, «соңғы сөзіңді айт, сені лақтырамыз» дейді.

Баланың «жоқ, керек емес» деген дауысын анық естуге болады. Видеодан көрініп тұрғандай, бірнеше ұл жерде тұрса, балкондағы тағы бірнешеуі баланың киімін, телефонын төменге қарай лақтырайық деп жатыр.

Редакция осы оқиғаға байланысты шұғыл түрде қалалық полиция департаментіне хабарласып, комментарий алды.

«Оқиға орнында ювеналды инспектор жүр. Балалар жас ерекшеліктеріне байланысты жазаланады. Білім басқармасымен бірлесе отырып ақпарат дайындап жатырмыз», - деп хабарлады полиция департаменті.

Оқиға сол жағалаудағы «Sezim Qala» тұрғын үй кешенінде болды деген ақпарат бар.