Елорда әкімі Астанада тағы 15 оқушылар сарайы және 14 жаңа мектеп салу жоспарланып отырғанын атап өтті.
ERNUR.KZ. Астанада Тұран даңғылында орналасқан жаңа бес қабатты Оқушылар сарайы биыл жазда ашылады, деп жазады sputnik.kz.
"Осы жазда Оқушылар сарайын ашамыз. Тұран даңғылының бойында орналасқан бес қабатты ғимарат жеке инвестиция тарту арқылы салынып жатыр", - деді ол.
Әкімнің айтуынша, сарайдың ауданы 7500 шаршы метрді құрайды, спорт және шығармашылық залдарынан басқа нысанда 25 метрлік бассейн болады.
Жеңіс Қасымбек әкімдік үш жылдың ішінде 15 оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырғанын айтты.
"Оның бесеуінің құрылысын биылғы күзде бастаймыз", - деп жазды елорда әкімі.
Ол Астанада тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысымен қатар әлеуметтік нысандардың, оның ішінде жаңа мектептердің де қарқынды түрде салынып жатқанын атап өтті.
"Қазіргі таңда 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-і жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі", - деді әкім.
Қасымбектің айтуынша, жаңа мектептер құрылыс жүріп жатқан аудандарда да, оң жағалауда да тұрғын үй орамдарында орналасқан және олардың кейбірі негізінен апатты мектептерді алмастырады.
Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда "Жайлы мектептер" ұлттық жобасы аясында Астанада 24 мектеп салынады. Олар екі ауысымда 90 мыңға жуық баланы оқытуға мүмкіндік береді, деді Жеңіс Қасымбек.