Ер адам астаналықтардан кешірім сұраған видеосын жариялады.
ERNUR.KZ. Астана полицейлері 2 қаңтарда жылытылатын аялдаманың шыны есігін теуіп сындырған ер адамды ұстады. Ер адам кінәсін мойындап, өз әрекетін түсіндіріп берді, деп жазады тengrinews.kz.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында Байтұрсынов көшесінде орнатылған павильонның есігін теуіп сындырған Түркістан облысының 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Ер адамның айтуынша, ол 2 қаңтарда сүйіктісін үйіне шығарып салған, алайда аялдамада олар жанжалдасып қалған. Нәтижесінде ол ашуланып, есікті теуіп жіберген", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Ер адам видеода астаналықтардан кешірім сұрап, келтірілген шығынды өтеуге уәде береді.
Еске салайық, мұның алдында Астанада ер адамның жылытылатын аялдаманы қиратып жібергені хабарланған болатын. Астана әкімдігінің өкілдері видеоның Алматы аудандық полициясына жіберілгенін және осы дерекке қатысты әкімшілік іс қозғалғанын айтқан еді.