Ал бүгін Талас ауданы мен Жамбыл ауданының тұрғындары баспаналы болып жатыр.
Жамбыл облысында бүгінге дейін велобаза, бірнеше балабақша, медициналық амбулатория, спорт кешендері мен тарихи өлкетану музейі пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Ал бүгін Талас ауданы мен Жамбыл ауданының тұрғындары баспаналы болып жатыр.
Облыста 5 әлеуметтік нысан бір күнде пайдалануға беріліп жатыр. Іс-шара Талас, Меркі, Сарысу аудандары мен Тараз қаласында жұртқа мерекелік тарту ретінде ұйымдастырылған. Бұған дейін 20 нысанның 13-і ашылып қойған болатын. Ал қазір Жамбыл ауданы тұрғындарының баспаналы болып жатқан сәтіне куә болып тұрмыз.
Бүгін кезекте тұрған 18 ауыл азаматы пәтер алып жатыр. Бәйтерек тұрғын үй аумағындағы үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Үшқабатты. Шағын болғанымен, заманауи үлгіде тұрғызылған. Бастысы, халықтың көңілінен шығып отыр. Жалпы, аймақта биыл мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасымен 13 көпқабатты тұрғын үй салынып, Қаратау мен Жаңатас қалаларында бос тұрған 7 үй жөнделмек. Ал жыл соңына дейін облыс бойынша 90 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріледі. Алғашқы пәтерлерге бүгін Аса ауылының тұрғындары ие болып отыр.
Қайрат Тілеубаев, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы: - Пәтерлер бірінші кезекте аз қамтылған, отбасылық жағдайы төмен, жалғызбасты аналар мен мемлекеттік қызметкерлерге беріліп отыр. Пәтерлердің барлығы 2 бөлмелі. Жоба құны 167 миллион теңгеге жуық. Арнайы Астана күні қарсаңында беріп отырмыз. Жалпы осы ауданда 400-ге жуық адам үй кезегінде тұр. Оның 92-сі – жетім-жесірлер тобы, 64-і – мемлекеттік бюджеттік мекемеде жұмыс істейтіндер, 222-сі – халықтың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға жататын азаматтар. Ал жер кезегінде тұрғандар саны 9 мыңнан асады.
Қаратауда 70 адамға үй берілді. Онда қазір 90-жылдары қаңырап бос қалған көпқабатты үйлер жөнделіп, шетінен халыққа үлестіріліп жатыр. Биыл шағын шаһарда 70 пәтерлік 6 үй қайта жаңғыртылуда. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарда.
Ол толық жүзеге асса, қаратаулық тағы 440 отбасы қоныс тойын тойлайды. Айта кету керек, қазір Қаратау қаласында жөндеуді қажет ететін 12 көпқабатты тұрғын үй бар. Ал Астана күніне орай облыста 6 балабақша бой көтеріп, 1000-ға тарта бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отыр. Кеше ғана осы ауданда «Зерде» бөбекжайының ашылу салтанаты өтті. 50 орындық балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған. Тағы бірнеше балабақшаның құрылысы жүріп жатыр.