Атом электр станциясы салынатын жерде зерттеу жұмыстары басталды

0
817

Атом электр станциясының құрылысы он жылға созылады.


Атом электр станциясы салынатын жерде зерттеу жұмыстары басталды

ERNUR.KZ. Атом электр станциясы Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы маңында салынады, деп жазады inform.kz.

Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты.

«Қазақстан бойынша сейсмикалық аймақтарды анықтау үшін жылдар бойы ұзақ зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде атом станциясының орналасатын жерін анықтадық. Ол – Алматы облысындағы Үлкен ауылының аймағы», - деді министр.

Болат Ақшолақовтың сөзінше, Балқаш көлінің ауданы геология, су ресурстары және климаттық жағдайларды ескере отырып таңдалған.

«Қазір зерттеу жұмыстары басталып кетті. Бұл құрылыс ертең басталады деген сөз емес. Жыл соңына дейін АЭС құрылысына қатысты бірқатар зерттеулер жүргізу қажет. Олар геологиямен, сумен, экологиямен байланысты. Қазір түрлі технология қарастырылып жатыр. Оның ішінде франциялық, ресейлік, жапондық, қытайлық, оңтүстіккореялық реакторлар бар», - деп нақтылады министр.

Ол әзірге жоба құны белгісіз екенін атап өтті.

Айтуынша, әдетте атом электр станциясының құрылысы он жылға созылады.