Тамақтың ішінде жәндік қалқып жүргенін емделушілер ұялы телефонға түсіріп алып әлеуметтік желіге жүктеген.
Степногор қаласындағы ауруханада науқастар құрттаған ас-ауқат ішуге мәжбүр. Медицина мекемесін енді санитарлар тексергелі жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Балаларымен ем-дом алуға келген аналар түстік сусынды құрт-жәндікпен бірге қайнатқанын көріп шошыған. Олар тек құрты бар сусынға емес, жалпы ауруханадағы тағамға көңілі толмайтынын айтқан. Тамағы дәмсіз болғандықтан, пациенттер ас ішуден бас тартқан. Оған желінбей, тізіліп тұрған тамақ дәлел.
Медицина мекемесіндегі тазалық та сын көтермейтін сияқты. Науқастар аурухананы тексеру керек деп жазба қалдырған. Мұны көрген санитар дәрігерлер "кешіктірмей, тексеріс бастаймыз" деп отыр.
"Аумақ басқармасымен жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Ол тексеріс прокуратура органдарына тіркеліп жүргізіледі. Бұған дейін ол тексерілген, жоспарлы түрде, биыл ақпан айында. Аталған факті бойынша ондай бұзушылықтар болған емес", - деді Серік Омарханов Ақмола облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары .