Ауыл әкімдері жасырын дауыс беру арқылы сайлануы мүмкін

0
1 424

Басым жағдайда 4 жылға сайланған әкім аталған мерзім аяқталғаннан кейін басқа лауазымға тағайындалып кетеді. Яғни, ол тағы 4 жыл ауылды басқаратындай жігерлендіру тетіктері жоқ.


Ауыл әкімдері жасырын дауыс беру арқылы сайлануы мүмкін

Елімізде алдағы уақытта ауыл әкімдері халықтың жасырын дауыс беру арқылы сайлануы мүмкін. Бұл жайлы Мәжілісте сайлау туралы заң жобасы талқыланған дөңгелек үстелде Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде сайлау туралы заң жобасы талқыланды. Нақтырақ айтқанда, жиында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралды.

Заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов ұсынылып отырған өзгерістер негізінде ауыл әкімдерін сайлаудың тың форматы енгізілгелі жатқанын айтты.

«Ауылдық округтердің әкімдерін сайлау бойынша қазіргі жүйеде бірқатар мәселе бар. Ең біріншіден, үміткерлерді таңдаудағы талқылаудың болмауы, халықтың сайлауға ықпал ете алмауы. Екіншіден, ауыл әкімдері жиі ауысып жатады. Басым жағдайда 4 жылға сайланған әкім аталған мерзім аяқталғаннан кейін басқа лауазымға тағайындалып кетеді. Яғни, ол тағы 4 жыл ауылды басқаратындай жігерлендіру тетіктері жоқ. Кадрға байланысты бұл мәселені Мәжілістің де, Сенаттың да қабырғасында көтерген болатынбыз», - деді вице-министр.

Ауылды басқаруды ынталандыру тетіктерін қалыптастыру үшін заң шеңберінде сайлау құқығы қағидаттары бойынша тікелей сайлау жүргізу ұсынылуда.

«Үміткерлерді әкімшілік-аумақтық бірліктегі халықтың жасырын дауыс беруі арқылы сайлайтын болады. Ауыл әкімінің лауазымының танымалдығын арттыру мақсатында заң жобасы бойынша, 4 жыл әкім болғаннан кейін ауыл әкіміне іріктеу немесе конкурс жүргізбей-ақ «Б» корпусындағы әкімшілік лауазымға тағайындала алатындай мүмкіндік беру көзделген. Айта кетерлігі, ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты Германия, Швейцария, Канада, Польша секілді елдерде өзінің тиімділігін көрсетіп отырғанын атап өткім келеді», - деді Айбатыр Жұмағұлов.