«Қазатомөнеркәсіптің» Түркістан облысын дамытудағы рөлі талқыланды

0
120

Түркістан облысының тау-кен өндіру өнеркәсібінің 98%-ы және өңдеу өнеркәсібінің металлургия саласының 99,8% үлесі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на тиесілі.


«Қазатомөнеркәсіптің» Түркістан облысын дамытудағы рөлі талқыланды

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Түркістан облысын дамытудағы рөлін көтеру жолдары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесті. Кездесу барысында компанияның Түркістан облысын дамытуға қолдауын күшейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, әріптестікті нығайту жолдары талқыланды. Компанияның Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның инфрақұрылымын дамытуға аударымдарын кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесі де сөз болды.


– Облыс аумағында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты 12 компания жұмыс істейді. Олардың 10-ы уран өндірумен айналысады, 1 компания барлау жұмыстарымен және 1 компаниясы электр энергиясын тасымалдау қызметін атқарады. Компанияның облысқа қолдауын күшейту,Созақ ауданының елді мекендеріне әлеуметтік және демеушілік көрсету бойынша бірлесе жұмыстар атқаруды ұсынамын. Бір колледжді сенімгерлік басқаруға алып, тиісті кадрларды даярлауға да үлес қосады деп сенемін, – деген Нұралхан Көшеров уран өндіруші бірлескен кәсіпорындарының бас кеңселерін Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру мәселесін де қарастыру жөнінде ұсынысын жеткізді.


«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-ның басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов компания өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезінетінін, әлеуметтік нысандар салуға демеушілік көрсетілетінін атап өтті. Ұсыныстарды зерделеп, қарастыратынын айтты.


Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Түркістан облысының тау-кен өндіру өнеркәсібінде 153 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 114,1% -ды құрады. Түркістан облысының тау-кен өндіру өнеркәсібінің 98%-ы және өңдеу өнеркәсібінің металлургия саласының 99,8% үлесі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на тиесілі.

Бөлісу