Автокөлік өткізу пунктерін дамытуға ерекше назар аударылады

0
108

Бүгінгі таңда мемлекеттік шекара бойында 52 өткізу пункті жұмыс істейді. Еуразия экономикалық қауымдастығы елдері арасында 38 пункт, сыртқы шекарада 14 пункт бар.


Автокөлік өткізу пунктерін дамытуға ерекше назар аударылады

ERNUR.KZ. Жол құрылысы саласындағы маңызды бағыттардың бірі – шекарадағы автокөлік өткізу пунктерінің инфрақұрылымын дамыту. 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес 36 автомобиль өткізу пунктін қайта жаңарту көзделген. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік шекара бойында 52 өткізу пункті жұмыс істейді. Еуразия экономикалық қауымдастығы елдері арасында 38 пункт, сыртқы шекарада 14 пункт бар. Биыл Бесағаш, Қарасу, Сырым, Әлімбет, Жаңа Жол және Қосақ өткізу пунктерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарланған. Қаржыландыру көлемі 51 млрд теңгені құрайды.

Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмайды.

«Республикалық маңызы бар автожолдар желісінде 1500-ға жуық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары орналасқан. 2025 жылы жеке инвестициялар есебінен қосымша 36 жаңа нысан ашу жоспарлануда. Оның ішінде: 22 жанармай құю станциясы және 14 кафе. Жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында туристік нысандарға апаратын бағыттарға 37 жаңа санитарлық торап орнату жоспарланған. Нәтижесінде республикалық автожолдар бойындағы санитарлық тораптардың саны 181 бірлікке жетпек», – деді спикер.

2025 жылы автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету үшін 28 жаңа автоматты өлшеу станциясын орнату жоспарланған. Қазіргі таңда жолдардың бойында 22 автоматты өлшеу станциясы жұмыс істеп тұр.

2025 жылғы 29 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде ұзындығы 4100 шақырымды құрайтын 21 ақылы жол учаскесі бар. Жүргізушілерге тиімді болу үшін айлық және жылдық абонемент қарастырылған. Аталған жеңілдікті алу үшін 1403 байланыс орталығына хабарласу керек. Жеңіл көліктер үшін бір жылдық абонемент 1 айлық есептік көрсеткішті құрайды, ал автобустар мен жүк көліктерге айлық және жылдық абонемент жүк көтерімділігіне байланысты болады.