Қатты желдің екпіні сағатына 61 км-ге дейін жетіп, қала тұрғындары мен инфрақұрылымға әсерін тигізбей қоймады.
Фото: top-news.kz
Әлеуметтік желілерге тұрғындар опырылып түскен ағаштардың бейнелерін жібере бастаған. Қостанай қаласы Назарбаев көшесіндегі көпқабатты үй шатыры металл профилінің бір бөлігі ажырап, түсіп қала жаздаған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары дер кезінде жетіп, арнайы альпинистік жабдықты пайдалана отырып, үйдің шатырына мініп, босап тұрған бөліктегі профилді шешіп үлгерген. Мәлім болғандай зардап шекендер жоқ.
Білім басқармасының мәліметінше, бірқатар аудан мен облыс орталығында бірінші ауысымдағы оқушылар сағат 10:00-ден кейін қашықтан оқуға жіберілген. Атап айтқанда, Рудный қаласы мен Жітіқара, Ұзынкөл, Б. Майлин, Сарыкөл, Қостанай аудандарында балалар екінші ауысымда мектепке бармайды. Аманкелді ауданында екінші ауысым бастауыш сынып балалары үшін қашықтан оқу режиміне ауыстырылды.
Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер мен төтенше жағдайлар қызметі зардаптарды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, ТЖД желі арқылы азаматтарды сақ болуға және ауа райының өзгеруі туралы ақпаратты бақылауға шақырады.