Қазақстан Президенті Ұлттық банк қызметінің қорытындылары жөнінде кеңес өткізді

0
1 165

Елбасы макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғанын және инфляцияның белгіленген межеден аспағанын атап өтіп, банк жүйесіне мемлекеттің қолдау көрсетіп жатқанына, сондай-ақ реттеуші тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалауды күшейту қажеттігіне назар аударды.


Қазақстан Президенті Ұлттық банк қызметінің қорытындылары жөнінде кеңес өткізді

фото: akorda.kz

Жиын барысында Мемлекет басшысына Ұлттық банктің 2017 жылғы атқарған жұмыстары жөнінде есеп беріліп, еліміздің қаржы секторының даму перспективалары баяндалды,-деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Елбасы макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғанын және инфляцияның белгіленген межеден аспағанын атап өтіп, банк жүйесіне мемлекеттің қолдау көрсетіп жатқанына, сондай-ақ реттеуші тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалауды күшейту қажеттігіне назар аударды.

– Мемлекет 3 триллион теңгеден астам қаражат бөліп, банк жүйесіне бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетті. Бұл ретте, банктер тарапынан берілген несиенің көлемі артпай, 2017 жылдың соңында 12,7 триллион теңгені құраған. «Жұмыс істемейтін» несиенің үлесі – 10 пайыз. Биыл көрсеткіштері өте нашар банктерді сауықтыру жөніндегі Ұлттық банк бағдарламасы тоқтатылады. Акционерлері дұрыс басқара алмағандықтан бұл банктер қарызға батып, салымшылар алдында өз міндеттемелерін орындай алмады. Сол себепті көрсеткіштері нашар болды. Бұл жағдайдан қалай шығуға болады? Бұл банктерді сақтап қалу үшін акционерлер өздерінің жеке қаражатын құйып, кезінде олардан шығарып алған қаржыны қайтаруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында және «Бес әлеуметтік бастамасында» көрсетілген қаржы секторын қайта жаңғырту жөніндегі шараларға тоқталды.

– Бүгінде экономиканы ұзақ мерзімді несиемен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай отыр. Қор нарығын жандандыру керек, сондай-ақ банк жүйесінде туындаған жағдайларды уақтылы бағамдап, тиімді әрекет ету қажет. Бүгін Парламентте талқыланып жатқан валюталық реттеу туралы заңға енгізілетін өзгерістердің қабылдануына байланысты «7-20-25» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмысты биыл бастау керек. Мен қос палата депутаттарынан бұл мәселені осы сессиясының соңына дейін тездетіп қарастыруды сұраймын. Бұл әрбір азаматымызға арналған менің «Бес әлеуметтік бастамамды» іске асыру үшін маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Данияр Ақышев 2017 жылы Ұлттық банктің қызметі нарықтағы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және банк секторының жұмысын бір қалыпқа келтіруге бағытталғанын атап өтті.

– Қаржы нарығындағы жағдай қалыпты. Макроэкономикалық көрсеткіштер мен қаржы секторының даму индикаторлары тұрақты түрде жақсарып келеді. 2018 жылы инфляция 5-7 пайыз шамасында болады деп ойлаймыз. Биылғы ақпан айының соңындағы жағдайға сәйкес, заңды тұлғаларға теңгемен берілетін несие ставкасы 12,9 пайызға дейін төмендеді, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Бұдан бөлек, Данияр Ақышев теңгенің айырбас бағамындағы ахуал мен оған ықпал еткен ішкі және сыртқы факторларға түсінік берді.

– Өткен аптада жекелеген ресейлік компаниялар мен тұлғаларға қатысты АҚШ-тың экономикалық санкцияларын кеңейтуіне байланысты оқиғалар болды. Тиісінше Ресейдің қор және валюта нарығында белгілі бір өзгерістер орын алды. Әрине, олар Қазақстанның да валюта нарығына әсер етті және бұл еркін бағам жағдайында қалыпты нәрсе саналады. Бірақ бұған деген нарықтың әсері тура пропорционалды болған жоқ. Егер рубль бағамы 10 пайыздан астам құлдыраса, теңге номиналды түрде айтсақ, 3 пайызға ғана төмендеді, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Ұлттық банк жұмысының жақсара түскенін атап өтіп, бірқатар нақты тапсырма берді.