Бақытбек Смағұл: Менің айтқанымның барлығы 100 пайыз дұрыс деген сөз емес

0
1 081

Депутат дүнгендерге қатысты мәлімдемесін сол жердегі халықтың сөзіне сүйеніп жасағанын атап өтті.


Бақытбек Смағұл: Менің айтқанымның барлығы 100 пайыз дұрыс деген сөз емес

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Facebook парақшасында Масанчи ауылындағы 10 мәселені көтерген болатын. Оның ішінде "бірде-бір дүнген қазақ әскерінің қатарында қызмет етпейді" деп жазды. Алайда қорғаныс министрлігі 40-жуық дүнген ұлтының өкілі әскери борышын өтеп жатқанын хабарлап, депутаттың сөзін жоққа шығарды, деп жазады sputniknews.kz.

Депутаты Бақытбек Смағұл мәселенің қайдан шыққанын айтты.

"Біз комиссия болып бардық. Елдің сөзін тыңдадық. Сол жердің тұрғыны Әбдібек Сейілханов есімді ауыл ақсақалы осы мәселені көтерді. Ол кісі "дүнгендер сауда, егінмен айналысады, әскерге бармайды" деп хабардар етті. Біз осы мәлімдемеге сүйендік. Сол кезде Жамбыл облысынан көктемде 13 адам, күзде 22 адамның әскерге шақырылғаны туралы ақпарат алдым. Ал бұл деректің анық-қанығын қорғаныс ведомствосы қазір беріп жатыр", - деді депутат.

Бақытбек Смағұл әскерге шақыратын арнайы органдарға барып, оқиғаның мән-жайын сұраған. Ол жердегілер дүнген ұлтының өкілдері әскерге бармау үшін сылтау ойлап табатынын айтып шағымданған.

"Мен жергілікті тұрғындардың сөзіне сүйеніп айттым, десек те ақиқатын ашып алуымыз керек. Қорғаныс саласында әскери қызметшілердің мәртебесі заңына сәйкес, әскери қызметке және әскери жиындардан діни ұйымдарда оқитындар мен тіркелген діни бірлестіктердің қызметкерлері босатылады. Бұл әскерге жат ағымдар еніп, қарулы жауынгерлер арасында қауіпті уағызын таратпау үшін жасалғаны жасырын емес. Әскерге бару туралы мәселені көтерудегі мақсат – жігіттердің әскерден негізсіз қашуына тосқауыл қою", - деді Смағұл.

Сондай-ақ, депутат мешіттерде уағыз тек дүнген тілінде айтылатынын мәлімдеген еді. Ол қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесінде екенін ұмытпау керек дейді.

"Дүнгенше сөйлеме деп айту қате. Бірақ мемлекеттік тіл қатынас тілі болуы керек. Егер жергілікті халық үй ішінен үй тіккендей болса, біз қалай қатынасамыз. Бұл қазақтың жері, қазақтың тілі, бұл – мемлекеттік деңгей. Біз соны айтып отырмыз. Ұлт пен ұлысты ұйыстырсақ, бір ортада сыйыстырсақ, бір-біріне туыс қылсақ, керемет елге айналмаймыз ба?!", - деді депутат.

Оның айтуынша, өзі көтерген 10 мәселе – сол жердегі халық айтып, баяндап берген мәселе. Ол жүз пайыз дұрыс болмауы да мүмкін.

"Менің айтқанымның барлығы 100 пайыз дұрыс деген сөз емес. Бұл жығылғанға жұдырық болып, жараны тырнау емес, керісінше уақытында емдеу. Олар шекарада тұрған азаматтар. Шекараны даумен емес таумен, таспен емес доспен қоршаған халықпыз. Арасында оның тау өлсе де жау өлмеуі керек. Дау болмауы керек. Сондықтан осы айтылған мәселелерге көңіл бөлінуі керек", - деді ол.

Бақытбек Смағұлдың айтуынша, осы мәселелер көтерілген соң айтылған әр салада дүмпу болып, оң өзгерістер болып жатыр.

"Мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Бердібек Сапарбаев тұрғындардың қауіпсіздігіне кепілдік беретінін айтты. Өртенген үйлерге, қайтыс болған кісілердің отбасына көмек беру жайы қолға алынды. Бұл дүнген үшін ғана емес қазақ үшін керек. Қазаққа дүнгеннің аман болғаны керек. Олар қазақ елінің бір бөлшегі. Талай теперіш, қиындық, қудалау көрген халық. Оны опасыз, жерін сатып кетті деп айтуға болмайды", - дейді ол.

Еске сала кетейік, қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде тараған дүнгендердің әскери қызметтен бас тартатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

"Қазақстанда дүнген ұлтынан 40-қа жуық сарбаз мерзімді әскери қызметін атқарып жатыр. Жалпы 2019 жылы 30 мыңнан астам сарбаз шақырылды, оның ішінде қазақтар, орыстар, татарлар, немістер, украиндар, ұйғырлар, өзбектер және басқа ұлт өкілдері бар", - деп хабарлады министрлік.