Бұл фильм Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырысы бойынша түсірілген.
ERNUR.KZ. Республикалық «Балапан» телеарнасынан «Сөз қазынасы» атты анимациялық фильм көрсетілген. Соның 12-бөлімінде «ата сақалы аузына түскен» қария кәдімгі құлынды «тайынша» деп алжасып жүр, деп жазады Skifnews.kz.
Тіпті, ол анимация анау-мынау емес, білдей бір Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырысы бойынша түсірілген. Сондай-ақ, көрініс басталар алдында оның «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында әзірленгені жазылған.
2018 жылдың 10 шілдесінен бері ол «Балапанның» Youtube арнасынан 128 мыңнан астам қаралым жинап, 400-ден астам көрермен ұнату белгісін басқан. Бұл дегеніңіз – келешек ұрпақты өз қолымызбен жаппай сауатсыздандырып отырмыз деген сөз!
Мультфильм мұртты, көзілдірікті қарияның екі немересімен бірге бір-бір атқа мініп, жоғалған құлынды іздеп шыққан сәтінен басталады. «Әй, дұрыстап іздеңдер! Ол тайынша қалтарыста қалып қоймасын», - деп шәңкілдейді, даусы жағымсыз кейіпкер.
Содан үшеуі құлынды қасқыр жегелі тұрған жерінен дер кезінде тауып, азулы арланның «аузынан жырып» алып келеді. Енді соны «современный» шалекең дастархан басында: «Иә, сол кезде тайыншаны қолыммен сып еткізіп іліп әкеттім!» - деп әңгімелеп отыр.
Жә, бұл ретте анимациялық фильмнің шаласауат сценарий авторлары мен редакторлары «тайдың кішкентайы тайынша болатын шығар» деп ойлағанның өзінде, соны экрандауға рұқсат еткен һәм қабылдаған өзге шығармашылық ұжымдар не қарап отыр?!
Масқара болғанда, өздері оның анықтамасын: «Сөз қазынасы» анимациялық фильмінің басты мақсаты – қазақтың бай тіл мұрасы мен салт-дәстүрлерін балаларға насихаттау. Әдетте ересектер жауабын таба алмай жататын ырым-тыйымдардың мән-маңызын ашып көрсету» деп «айқайлатып» қойыпты.
Мәдениет және спорт министрлігінің, оған қарасты аталған комитет және «Балапан» телеарнасының басшылығы! Балабақшадағы сәби де білетін құлынды «тайынша» деп қабылдаған мына түрлеріңізбен қалай жоғары лауазымда отырсыздар?! Сіздерше тайдың кішісі тайынша болса, торпақтың кішісі торай шығар, ә? Ұйқасып тұр ғой?!
Қысқасы, балалардың таным-түйсігін жаңылдырған бұл өрескел әрекеттеріңіз үшін дереу халықтан ресми түрде кешірім сұрап, барлық сапасыз өнімдеріңізді экраннан да, әлеуметтік желілерден де жоюға тиіссіздер! Бұл – біздің көзге түсіп қалған бір ғана сорақылық. Айналдырған төрт түліктің атауын білмейтін мына сиықтарыңызбен ондайлардың талайын өткізіп жіберіп отырғандарыңызға сенбеске лаж жоқ...
Айтпақшы, «тайынша» деп бір жастағы бұқаны айтады, құлынды емес! Жаттап алыңыздар!