Барахолканы "крышевать" еткен қылмыстық топ мүшелері ұсталды

0
445

Олардың үстінен 17 қылмыстық іс қозғалған.


Барахолканы

ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда «Айшуақ Жантүгел» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерін ұстағанын хабарлады. Ұстау операциясы 2020 жылдың қараша айында болған, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Өткен жылдың ең нәтижелі жұмыстарының бірі ретінде 28-29 қараша күндері Алматыда жүргізілген операция барысында «Айшуақ Жантүгел» қылмыстық тобының жеті өкілін ұстауымызды айтуға болады. Операция Ішкі істер министрлігімен бірге жүргізілді», - делінген ҰҚК таратқан хабарламада.

«Айшуақ Жантүгел» ұйымдасқан қылмыстық тобы қатыгездігімен ерекшеленген. Тексеру барысында белгілі болғаны, топтың белсенділігі 2018 жылы байқалған. Олар алдымен Сарыбұлақ көлінен заңсыз балық аулаушыларға бақылау орнатса, кейін Алматыдағы сауда орталықтарына көшкен.

«Анықталған қылмыстар қатарында бопсалау, тонау сынды деректер басым. Олар «Алатау», «Өжет», «Кенжехан» базарларының саудагерлерінен алым алып отырған. Сонымен қатар, адам ұрлау қылмысына да қатысы бар. ҰҚК мен ІІМ бірлесіп, топ мүшелерінің 2016 жылы өлтірілген қылмыс әлемінің серкесі Нұрбековтің өліміне қатысы барын анықтады», - делінген аталған хабарламада.

Күдіктілерді тінту барысында тәртіп сақшылары олардан 4 қару мен оларға қажетті оқ-дәрілерді тәркілеген. Кісі өлтіру, тонау, бопсалау секілді бірнеше бап бойынша 17 қылмыстық іс қозғалған.