Батыс Қазақстан облысында аудандық ауруханада жүкті әйел қайтыс болды

0
714

Марқұмның артында 3 баласы қалды.


Батыс Қазақстан облысында аудандық ауруханада жүкті әйел қайтыс болды

ERNUR.KZ. Жүкті әйелдің қайтыс болу фактісі бойынша БҚО-да қылмыстық іс қозғалды, сараптамалар тағайындалды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қайғылы оқиға 15 мамырда Жанғалы аудандық ауруханасында болған. Үш баланың анасы, 36 жастағы Индира Такесова төртіншісін босану кезінде қаза тапты. Әйел ауруханаға өз аяғымен келген. Алайда, өзі де, бала да ауруханада көз жұмды.

«Сол күні Индираның өзі таңертең көлік жүргізіп, ауруханаға барды. Бәрі жақсы болды, ол ештеңеге шағымданбады, үш баланы да өзі дүниеге әкелген. Бұл жолы дәрігерлер оған қалаға баруға үлгермейтінін және аудандық ауруханада босанатынын айтқан. Бірақ қандай да бір себептермен дәрігерлер кесарь тілігін жасаймыз деп шешкен. Себебін әлі білмейміз. Бала да, әйелім де қайтыс болды. Ота жасалмай жатып, өліп кеткен», - деді марқұмның күйеуі Нұржан Қанатов.

Мой город сайтының жазуынша, марқұмның артында 3 баласы қалды. Оның үлкені 11, кішісі 5 жаста.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі Индира Такесованың қайтыс болу фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 317-бабы бойынша «Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Айта кету керек, аталған ауруханада 2018 жылы 44 жастағы Бибінұр Нығметова жүктіліктің 29-шы аптасында операция үстелінде қайтыс болды. Төрт жылдан кейін дәрігер-анестезиолог Жарқын Тілешовке қатысты үкім шығарылды. Ол кәсіби міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін кінәлі деп танылды, бірақ ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты Тілешов жауапкершіліктен босатылды.