​Беларусь Қазақстанды өрт сөндіргіш танктермен қамтамасыз ететін болды

0
1 710

Олар ең алдымен ірі орман өрттерін сөндіруге арналған.


​Беларусь Қазақстанды өрт сөндіргіш танктермен қамтамасыз ететін болды

Беларусь мемлекеті Қазақстанды өрт сөндіргіш танктермен қамтамасыз ететін болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Олар ең алдымен ірі орман өрттерін сөндіруге арналған. Әдетте арнайы көліктердің өрт ошағына өтуіне құлаған ағаштар кедергі келтіреді. Сондай-ақ техниканың осы бір түрі қару-жарақ пен жарылғыш заттар қоймаларындағы өрт кезінде де құтқару жұмыстарын жүргізуге бейімделген.

Өрт сөндіруге арналған ГПМ-72 танкін Беларусьтің ірі жөндеу зауыты әзірлеген. Танк жоғары деңгейде жасақталған. Аталмыш техника қоймаларда, оқ-дәрі мен жарылғыш заттар сақталатын базаларды тілсіз жау шарпыған жағдайда қолданылады. Техниканың салмағы 40 тоннадан асады. ГПМ-72 танкісі он келі көбік пен он мың литр суға дейін тасымалдауға қауқарлы. Дегенмен, ең бастысы – өртке су құю қашықтығы. Бұл көлік өртті 70 метр қашықтықтан сөндіре алады.

Беларусьте орман өрттері кезінде сынақтан өткен бұл техника өзінің төзімділігін дәлелдеп берген. Аталмыш көлік негізінен Қазақстандағы орман шаруашылығында қызмет ететін болады. Құрышпен қапталған машина екі бағытта: экипажды қорғауда және мұнай ұңғымалары секілді күрделі жағдайларда жұмыс істейді. Корпус ішінде қажет кезде өрт құрбандарын эвакуациялауға арналған 5-6 адамға шақталған орын бар.

Инга Белова, әскери сарапшы:

- Бұл өте жақсы техника. Көбік пен су әртүрлі санаттағы өрттерді сөндіре алады, дегенмен, ең бастысы бұл танк өрт ошағына апаратын жолдарды тазартып, өрт сөндірушілерге барлық қажетті жабдықтарды оңай жеткізуге мүмкіндік береді. Тағы бір айтарым, бұл көліктің өзі апатты-құтқару жұмыстарын атқаруға қабілетті. Сондықтан да бұл келісім өте тиімді.

Көліктің нақты саны, жеткізу мерзімі, келісім сомасы құпия болып отыр. Ең бастысы - құтқару жұмыстары кезіндегі уақыт үнемділігі.