Қайғылы оқиға 17 қазан күні болған. Тұрғын үйдің 20-қабатынан 13 жастағы қыз құлап, көз жұмды.
ERNUR.KZ. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Ақтөбеде суицид жасаған оқушыға қатысты пікір білдірді, деп жазады Stan.kz.
Қайғылы оқиға 17 қазан күні болған. Тұрғын үйдің 20-қабатынан 13 жастағы қыз құлап, көз жұмды. Қазіргі уақытта полиция "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
"Барлық балалар өлімі фактілері туралы біз білеміз, бұл үлкен трагедия. Бұл бағытта тек білім және ғылым министрлігі жұмыс істеп жатқан жоқ. Аталған факті бойынша жұмыстар жүргізілуде, нәтижесі хабарланады", - деді вице-министр бүгін ОҚК-де өткен брифингте.
Психолог трагедияның алдын ала алады ма? - деген сауалға Шолпан Каринова:
"Психолог бұл жағдайды көруі де, көрмеуі де мүмкін. Өйткені бірде бір суицид білім беру мекемесінде болмаған, барлығы дерлік үйде болған. Сондықтан баланың күйзелістік күйі мен уайымы жайлы бірінші кезекте ата-ана білуі керек. Қандай да бір күдік болса, ата-аналар ұстаздармен бірігіп тиісті мамандарға жүгінуі тиіс.
Мен ата-аналарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Бірінші кезекте өз балаларын танып, оларға көңіл бөліп, мектеп пен психологқа хабар берулері керек", - деп жауап берді.