"Бипэк Автоға" тиесілі болған 150 гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

0
433

Сондай-ақ уәкілетті органның келісімінсіз жалпы аумағы 19 гектар болатын учаскелерде құрылыс жұмыстары жүргізілген.


ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мемлекетке орман қорының 169,7 гектар жерін қайтарды, деп жазады inbusiness.kz.

ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы "Өскемен орман шаруашылығы" коммуналдық мекемесінің қызметіне тексеру жүргізді. Салдарынан орман пайдаланушысы – "Қазақстан Бипэк Авто" АҚ жалпы ауданы 150,7 гектар учаскесінде ұзақ мерзімді орман пайдалану талаптарын жүйелі түрде бұзғаны анықталды.

Сондай-ақ уәкілетті органның келісімінсіз жалпы аумағы 19 гектар болатын учаскелерде құрылыс жұмыстары жүргізілген.

“Орман пайдаланушы өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтамаған, өртке қарсы іс-шараларды уақтылы орындамаған, шаруашылық қызметін орман билетінсіз жүргізген", – деп хабарлады облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.

Қабылданған шаралар нәтижесінде, сот шешімімен ұзақ мерзімді орман пайдаланудың 13 шарты бұзылып, мемлекеттік орман қорындағы 169,7 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Сот актісі заңды күшіне енді.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерде мемлекет есебінен тамақтанатын оқушыларға тамақ дұрыс жеткізілмегенін жаздық.