Биыл 17 жатақхананың құрылысы аяқталды

0
365

Университтер жанынан да жатақхана ашу жұмыстары жалғасын табуда.


Биыл 17 жатақхананың құрылысы аяқталды

ERNUR.KZ. Елімізде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі жүйелі түрде шешіліп келеді. Ең алдымен нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілді. Мәселен, барлық ЖОО қабылдаған студенттерді жатақханадағы орынмен қамтуға міндетті. Бұл лицензиялық талаптардың бірі болып табылады. Бұл жерде студенттің грантта немесе ақылы түрде білім алып жатқанынан мән берілмейді. ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан ОКҚ алаңында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл талапты орындамаған ЖОО өрескел құқық бұзушылық жасады деп саналады.

«Бұл талапты барлық университеттер біледі. Себебі, бұл тек қана ауызша түрде айтылатын талап қана емес, заң жүзінде ғылым және жоғары білім министрімен бекітілген арнайы лицензиялық талап болып табылады. Бүгінгі таңда ЖОО-ға құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. Сондықтан сіздерге бүгінгі жатақхана тапшылығының нақты санын айта алмаймын. Себебі, жоғарыда айтып өткендей, грантқа түсе ме, ақылы оқуға қабылдана ма, барлық студенттерді университ жатақханамен қамтуға міндетті болғандықтан, бұл нақты цифрды біз 25 тамыз, яғни толық құжаттар аяқталып біткеннен кейін айта аламыз», – деді спикер.

Үкімет тарапынан жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі 2018 жылдан бастап мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылып келеді. Содан бері 50 966 орынға жатақхана салынған болатын. Биыл жатақханаларда 10 576 орынды пайдалануға беру көзделген. 27 жатақхана құрылысы аяқталуға тиіс. Бүгінгі таңда 4650 орынға арналған 17 жатақхана салынып, қолданысқа берілмек.

Түркістан облысында – 3 жатақхана, Жамбыл облысында – 1 жатақхана, Атырау облысында – 1 жатақхана, Павлодар облысында – 1 жатақхана, Алматы қаласында – 1040 орындық 4 жатақхана, Шымкент қаласында – 930 орындық 3 жатақхана, Астана қаласында – 1 207 орындық 3 жатақхана, Қостанайда – 324 орындық 1 жатақхана салынды.

Университтер жанынан да жатақхана ашу жұмыстары жалғасын табуда.