Халық санағы алғаш рет онлайн өтеді.
ERNUR.KZ. 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтеді. Санақ «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!» ұраны аясында ұйымдастырылады, деп жазады ҚазАқпарат.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, санақты өткізу процесі толық автоматтандырылып, оған заманауи сандық технологиялар енгізіледі.
Биыл азаматтарға сауалнама парақтарын онлайн режимде өз бетінше толтыру немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндіктері ұсынылуда.
1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастайды. Мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады.
Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі және ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізілетін болады.
«Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы - интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ді енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді. Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-ні қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді», - деп нақтылады ведомстводан.