БҚО-да мектеп психологтерінің көбі сырттай білім алған

0
152

БҚО прокурорының бірінші орынбасары оған қоса балалар суицидімен байланысты қылмыстық істерді тергеу сапасыз жүргізілетінін жеткізді.


БҚО-да мектеп психологтерінің көбі сырттай білім алған

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында мектептерде 426 психолог болса, соның 208-і немесе 49 пайызы сырттай білім алған. 76-сы немесе 18 пайызы – үш жылға дейін тәжірибесі бар жас мамандар, деп жазады kaz.inform.kz.


БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиевтің мәлім еткеніндей, психологтардың жұмысы жасөспірімдер арасында суицид сияқты жағымсыз үрдісті азайтуға көмектеспей отыр. Оның сөзіне қарағанда, төмен жалақыға байланысты кадрлардың жиі ауысуы байқалады, сапалы психологиялық қолдау көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалмаған.

«Биыл біз барлық орта мектепті тексеріп, психологтардың қызметі формальды түрде жүзеге асырылатынын анықтадық. Мысалы, Бәйтерек ауданындағы мектептердің бірінің психологы 57 оқушыны тәуекел тобына енгізген. Алайда балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс жасалмаған. Ал Дариян кешкі мектебінің штатында психолог мүлдем көзделмеген. Оқу-ағарту министрінің бұйрығы бойынша білім беру ұйымының штатында психологтың болуы міндетті», - дейді Д. Омарғалиев.

БҚО прокурорының бірінші орынбасары оған қоса балалар суицидімен байланысты қылмыстық істерді тергеу сапасыз жүргізілетінін жеткізді. Биылғы жылы мұндай 9 қылмыстық істің тек екеуі (Бәйтерек, Бөкей ордасы) бойынша сараптамалар тағайындалған. Соның салдарынан бұл істер бойынша шешімдер оқиғаның барлық мән-жайы анықталмастан, мерзімінен бұрын қабылданады.

«Нәтижесінде тергеудің толық болмауына және балалардың мұндай шарасыз қадамға бару себептерінің анықталмауына байланысты 6 істі тоқтату туралы шешімдерді бұздық. Енді баланың өзіне-өзі қол жұмсағаны туралы хабарламалар бойынша тергеудің сапасы мен уақтылылығын қамтамасыз ету үшін прокурор оқиға орнына барып, мұндай істерді арнайы бақылауға алады», дейді Д.Омарғалиев.

Оның айтуынша, полиция бұл хабарламаларды сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне дереу тіркеп, балалар арасында суицидтік мінез-құлық тудыратын контентке талдау жасау үшін әлеуметтік желілер мен интернет платформаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізуге міндетті.

Егер олардың иелері анықталған ретте өзіне-өзі қол жұмсауды насихаттағаны үшін оларды жауапкершілікке тарту шараларын қабылдайды.

БҚО прокуратурасы тек осы жылы суицидтік бағыттағы 20-дан астам каналды бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізген.