Бүгіннен бастап Қазақстанда қатаң карантин тағы 2 аптаға созылды

0
809


Бүгіннен бастап Қазақстанда қатаң карантин тағы 2 аптаға созылды

ERNUR.KZ. Қазақстан бойынша қатаң карантин режимі тағы екі аптаға созылды. Әр аймақтың бас санитар дәрігерлерінің қаулысы бойынша 3 тамыздан бастап елде шектеу шаралары енгізіледі, деп жазады ҚазАқпарат.


Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі кеңес барысында карантинді тағы екі аптаға ұзартуды тапсырған еді.

Кеше Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Прәлиева Нұр-Сұлтан қаласында қатаң шектеу шараларын 2020 жылдың 3 тамызынан бастап ұзарту туралы бұйрыққа қол қойды.

Қаулыда айтылғандай, ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу, форум, конференция, семинар, жиналыс және басқа да жиындарды өткізуге тыйым салынады. Спорт жаттығуын тек жеке және ашық ауада өткізуге болады. Жеке, 3 адамнан немесе бір отбасы мүшелерінен басқа табиғатқа экскурсия, корпоратив, топтық серуен ұйымдастыруға және рұқсат етілмеген жағажайларда шомылуға тыйым салынады.

Сондай-ақ, 65 жастан асқан адамдардың қалада және басқа да қоғамдық орындарда жүруіне шектеу қойылады. Тұрғылықты жерінен шыққан кезден бастап маска кию бойынша міндетті талаптарды сақтау, 3 адамға дейін бірге серуендеу кезінде адамдар арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет.

Жұмысқа барып-қайтуға, аулаларда және саябақта, алаңда, скверлерге, жағалауға барып серуендеуге - жеке, ал бірге қыдырғанда 3 адамнан аспайтын топтарға рұқсат етіледі. Қоғамдық орындарға, соның ішінде қалалық қоғамдық көлікке және адам көп жиналатын объектілерге бару кезінде маска кию және антисептик пайдалану жөніндегі талаптарды қатаң сақтау керек.

Одан бөлек, санитарлық-профилактикалық іс-шараларды күшейте отырып, ашық ауада жұмыс істейтін көтерме азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлар сағат 13.00-ге дейін ашық тұрады. Санитарлық-профилактикалық іс-шараларды күшейте отырып, ашық ауадағы азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлар жұмыс және демалыс күндері сағат 9.00-ден 15.00-ге дейін істеуі керек.

Елордада 3 тамыздан бастап қоғамдық көлік қайта жүреді. Автобустар сағат 6:00-ден 21:00-ге дейін жүреді. Қоғамдық көлікге маскасыз кіруге тыйым салынады.


***

Алматы қаласында да қосымша шектеу шаралары енгізілді.


«Мен қосымша шектеулер туралы қаулы шығардым. Ол симптомсыз науқастарды бақылауға бағытталған. Олар белгіленген үй карантинін бұзбауы тиіс», - деді Бекшин.


Карантин талаптарын сақтамаған адамдарды арнайы ұйым карантинге жабады. Егер осы әрекет бірнеше рет қайталанса, оларға айыппұл салынады.


***


Шымкент қаласында карантин 17 тамызға дейін ұзартылды.

Шымкент қаласының бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаевтың қаулысына сәйкес, қала тұрғындары мен қонақтарына қонақтарды жинауға байланысты кез-келген шараларды (еске алу, туған күн, мерейтой, көрісу, құдалық, беташар және басқалар) өткізуге тыйым салынады.

65 жастан асқан адамдар үшін қалада және басқа да қоғамдық орындарда қозғалыс шектеулі. Тұрғын үйлердің аулаларында және үш адамнан аспайтын топтар үшін қоғамдық орындарда орналасқан балалар ойын алаңдарына баруға рұқсат етіледі. Қоғамдық орындарға, адамдар көп жиналуы мүмкін нысандарға барған кезде, соның ішінде қоғамдық көліктерде, қоғамдық орындарға барғанда маска кию және антисептиктерді қолдану талаптарын қатаң сақтау керек.

Қаланың барлық спорттық ұйымдарында оқу-жаттығу жиындарын, лагерлерді, жарыстарды ұйымдастыруға, өткізуге және қатысуға; білім беру орталықтарының, балаларды дамыту орталықтарының, үйірмелердің, балалар мен ересектерге арналған курстардың жұмысына;

Мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына тыйым салынған.

СПА орталықтарын, спорт залдарын, фитнес орталықтарын, спорттық-сауықтыру орталықтарын, жабық спорттық құрылыстарды, спорт клубтарын, секцияларды, бассейндерді, аквапарктерді, жағажайларды, қоғамдық моншаларды, сауналарды, сұлулық салондарын, шаштараздарды, косметикалық қызмет көрсететін орталықтар мен салондарды пайдалануға тыйым салынады.

Азық-түлік супермаркеттерін, дәріханалар мен жазғы террассасы бар және стационарлық тамақтану пункттерін қоспағанда, сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің қызметіне тыйым салынады.


***


Шығыс Қазақстан облысында карантин шаралары күшейтілді. Тиісті қаулыға ШҚО Бас мемлекеттік санитар дәрігері Марат Исмаилов қол қойды.


«Шығыс Қазақстан облысының аумағында бұрын қабылданған және енгізілген қатаң шектеу шараларын 03 тамыз сағат 00:00-ден 17 тамыз 00:00-ге дейін ұзарту керек» делінген қаулыда.


Шектеу шараларының режимі мен шарттары аймақтағы коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралу жағдайының өзгеруіне байланысты өзгертілуі мүмкін.


***


Маңғыстауда 3 тамыздан бастап жаңа карантин талаптары күшіне енеді. Атап айтқанда:

- қалааралық автобус тасымалын тоқтату;

- қала маңындағы және қалалық қоғамдық көліктің жұмысы тоқтату;

- жеке көлікпен және таксимен жүруге рұқсат ету;

- меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда жиналыстар, кеңестер, конференциялар, форумдар, семинарлар, съездер, көрмелер, тренингтер, оқыту курстарын және адамдар көп жиналатын басқа да іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлар, мерейтойлар, еске алу рәсімдері т.б.), соның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын басқа да іс-шараларды, соның ішінде ашық ауада өткізуге тыйым салу;

- мәдениет объектілерінің, мұражайлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметіне тыйым салу;

- 65 жастан асқан адамдардың қозғалысын шектеу;

- әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелерімен ойын-сауық объектілерінсіз саябақтарға, алаңдар мен скверлерге, жағалауларға және халықтың басқа да демалыс орындарына баруға рұқсат беру қарастырылған. Сондай-ақ сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің (онда орналасқан азық-түлік супермаркеттерін, дәріханаларды объектілерін қоспағанда), ойын-сауық мекемелерінің (караоке, кальян, бильярд, компьютерлік клубтар, букмекерлік кеңселер, түнгі клубтар, боулинг-орталықтары, аттракциондар, балалардың ойын алаңдары, батуттар және басқалар), кинотеатрлар, фудкорттар, банкет залдарының қызметіне тыйым салынды.

СПА-орталықтар, жаттығу залдары, фитнес-орталықтар, спорт-сауықтыру орталықтары, бассейндер, қалалық, қоғамдық жағажайлар, аквапарктер, қоғамдық монша, сауна, сұлулық салондары, шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар, маникюр мен педикюр қызметтерін көрсететін массаж кабинеттері және жабық азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлар жұмыс істемейді.

Облыс тұрғындары жұмыс және қоғамдық орындарда (сауда объектілері, көшелер, саябақтар, әуежай), қоғамдық көлікте маска киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтауы тиіс. Одан бөлек, қонақ шақырып, той тойлауға тыйым салынған.


***


Қостанай облысының мемлекеттік бас санитар дәрігерінің орынбасары өңірде қатаң шектеу шараларын енгізу туралы қаулыға қол қойды.

Шектеу шаралары туралы Қостанай облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Ю. Севостьянов хабарлады.

- Жұмыс кестесі сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып бектіледі. Құрылыс материалдарын, санитарлық-техникалық және санитарлық-гигиеналық тауарларды, ауыл шаруашылығы мен саяжайға арналған тауарларды, авто және ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектерді, салттық керек-жарақтар мен тауарларды өткізумен айналысатын дүкендерді қоспағанда, азық-түлік емес дүкендердің қызметіне тыйым салынады.

- Саябақтарға, алаңдар мен скверлерге, жағалауларға, қоғамдық және ұйымдастырылмаған жағажайларға, халықтың өзге де демалыс орындарына баруға тыйым салынсын.

- жабық үй-жайларда (дәріхана, дүкен, кеңсе, медициналық ұйым, Халыққа қызмет көрсету саласындағы ұйым және басқалар), сондай-ақ қоғамдық көлікте (оның ішінде таксиде) және көшеде болған кезде барлық адамдарға қорғаныш маскаларын міндетті түрде кию керек;


***


Атырау облысында уақытша шектеу шаралары 17 тамызға дейін ұзартылды. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Қанат Ғайнеденовтің 2 тамызда қол қойған қаулысында айтылған.

Қаулығы сәйкес, азық-түлік дүкендеріне сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген.

Сонымен бірге, азық-түлік сатпайтын дүкендер, дәмханалар мен мейрамханалар, кондитерлік өнімдерді дайындаумен және сатумен айналысатын сауда орындары, зоодүкендер «үйге жеткізу» қағидатымен сағат 10:00-21:00 аралығында жұмыс істей береді. Дәріханалар таңғы сағат 8:00-ден кешкі сағат 22:00-ге жұмыс істейді.


***


Байқоңыр қаласында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысында қала аумағында карантин шараларын ұзарту жөнінде шешім қабылданды.

Екі апта бұрын шұғыл штаб карантинді 2 тамыздан бастап жұмсартуды жоспарлаған еді. Статистикаға сенсек, шілде айында ауру жұқтыру деңгейі біршама төмендеген, бірақ бұл көрсеткіш әлі орнықты емес. Сондықтан шектеу шаралары тағы бір аптаға, яғни 9 тамызға дейін ұзартылды.

Шұғыл штаб мүшелері азық-түлікке жатпайтын тауарлардың таза ауадағы саудасын қайта жандандыру ұсынысын қолдады. Оқшаулану режимінің уақыты - түнгі 23:00-ден таңғы 06:00-ға дейін.

3 тамыздан бастап Байқоңыр қаласына кіреберістегі өткізу бекетінде қауіпсіздік басқармасы мен қалалық әкімшілік мамандары жұмыс істейді. Олар Төретам мен Ақай елдімекендері тұрғындарының шұғыл жағдайда қалаға бір мәрте кіріп-шығуына және қала халқының қаладан шығуына рұқсат беретін құжаттарды рәсімдейді.