"Бұлай жалғаса берсе елімізде жастар қалмайды": Астаналық әйел ұлын төрт адам 9-қабаттан лақтырып жібергенін мәлімдеді (видео)

0
311

Марқұм 19 жаста болған.


Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Астаналық әйел 19 жастағы ұлын төрт бала қинап, тоғызыншы қабаттан лақтырып жібергенін мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

Астаналық әйелдің сөзінше, елімізде заң жоқ. Бұлай жалғаса берсе, елімізде жастар қалмайды дейді әйел.

“4 баласы бар анамын. Шырылдап, әділдік іздеп отырмын. Ұлым ішпейді, шекпейді, академияда оқиды. Күдіктілер “өзі ішті” деп жаланы марқұм ұлыма жаппақ. Заң қайда? Менің жанайқайымды естіп отырған ешкім жоқ. Құзырлы органдар кінәлілердің жазасын заңды түрде бергенін қалаймын. Қылмыс бұлай жалғаса берсе, елімізде жастар мүлдем қалмайды”, – дейді марқұмның анасы.

Аталған іске қатысты Астана қаласы полиция департаменті жағдайдың мән-жайын айтты.

“Осы жылдың 13 қазанында тіршілік белгісі жоқ ер адамның табылғаны туралы хабар келіп түсті. Полиция қызметкерлері келгеннен кейін марқұмның жеке басы анықталды. Алматы аудандық ішкі істер басқармасы адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Қазір 16 жастағы жасөспірім мерт болған Талғар қаласын Ұлттық ұлан сарбаздары күзетіп жатыр.